Петропавлда № 17 ұлттық өркендеу орта мектебінде оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру мақсатында сауықтыру лагері ашылды. Қазіргі таңда жазғы алаңға 140 бала келіп жүр. Олар демалып қана қоймай, түрлі үйірмелерге қатысып, облыстың мәдениет орындарын да тамашалайды.


Лагерьге демалуға келген жеткіншектер жас ерекшелігіне қарай 6 топқа бөлінген. Олардың барлығы – бастауыш сынып оқушылары. Балғындар әр күні белгілі бір тақырып төңірегінде ой-өрісін дамытпақ. Атап айтқанда, балалар 4-маусым күні мемлекеттік рәміздеріміз жайлы ақпараттармен қанықса, 6 маусымда өңірдің белгілі жазушыларымен жүздеспек.


- Осы мектепте оқитындықтан лагерьге демалуға келдім. Уақытымды қызықты әрі пайдалы өткізу үшін мұнда құрбыммен бірге тынығып жатырмын. Лагерьде бәрі керемет, театрға, киноға барамыз, арасында саябақта серуендейміз.


- Менің жасым 9-да. Осы жылы 10-ға толамын. Мұнда келген себебім, бұл жерде әр күніміз қызықты өтеді. Әрі осында достарым көп. Мен алдыңғы жылы да осы лагерьде болдым, сол кезде де бәрі көңілді өтті. Себебі, бұл жерде түрлі ойындар, би сайыстары өткізіледі.


Лагерьде оқушылар 2 мезгіл тамақтанады. Мұнда жеткіншектердің қазақ және ағылшын тілі, тоғызқұмалақ үйірмелеріне қатысып, демалысын ұтымды пайдалануына мүмкіндік мол. Олар үшін гипстан мүсін жасау, пицца әзірлеу сынды шеберлік сағаттары да ұйымдастырылады. Оған қоса, балалар қаламыздағы мәдени орындарға саяхат жасап, танымдық, рухани білімдерін толықтырады.


ЛӘЗЗАТ ЖАЛМҰҚАНОВА, № 17 ҰЛТТЫҚ ӨРКЕНДЕУ ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Біздің балапандарымыз осы алаңның ішінде әртүрлі жерлерге барады. Сәбит Мұқанов атындағы қазақ-сазды театрына, Н.Погодин атындағы театрға және Нептунға баруы тиіс. Өзіміздің мектебіміздің ішінде 3 тфутбол алаңы бар, сонда ойнайды мектептің ішінде.


Жазғы сауықтыру лагерінде балалар 3 апта бойы тынығып, шығармашылық қабілетін дамытады. Бүгінгі таңда демалыс орнында жиырмаға тарта маман қызмет етіп жатыр.