Қазақстандағы ең көне ботаникалық бақ Петропавлда орналасқан. Онда әлемнің түкпір-түкпірінен әкелінген тропикалық ағаштар, пальма, лимон, агава, ақтамақгүл сияқты экзотикалық өсімдіктер өсіріледі. Ғасырдан астам тарихы бар бірегей кешеннің негізі 1912 жылы қаланған. Биыл бақтың құрылғанына 112 жыл. Нысан шетелдік қонақтарды ғана емес, тұрғындардың да көзайымына айналған.
Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін ет комбинаты көптеген шағын жеке цехтарға бөлініп, ботаникалық бақ иесіз қалды. Осы ретте жылжайды сақтап қалып, оны жандандыруға Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры, агроном Равиль Рязапов өлшеусіз үлес қосты. Оның есімі “Үздік адамдар” халықаралық энциклопедиясына енді. Бүгінде әкесінің ісін ұлы Артур Рязапов жалғастырып келеді.
АРТУР РЯЗАПОВ, БОТАНИКАЛЫҚ БАҚТЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
- Барлығы көп еңбек пен ынта-жігердің арқасында іске асты. Әкем мен бір топ адамдар түнде келіп, жылыжайларды жылыту үшін от жағатын. Әкемнің мұнда көп еңбегі сіңді. Олар осылайша, 98 жылға дейін нысанды сақтап қалды.
Ботаникалық бақта өсімдіктермен қатар түрлі тіршілік иелері де бар. Атап айтқанда, экзотикалық құс пен балық түрлері кездеседі. Бүгінде кешенде әлемнің түкпір-түкпірінен әкелінген сирек кездесетін 2000-ға жуық өсімдік түрі өсіріледі. Бақта 200 жылдық пальма құрмасы да бар. Имам Хафиз Меккеге барған алғашқы қажылық сапарынан құрманың дәнін әкеліп еккен екен, бұл ағаш содан өсіп шыққан.
АРТУР РЯЗАПОВ, БОТАНИКАЛЫҚ БАҚТЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
- Пальма ағашының бір ерекшелігі – мұнда қала тұрғындары келіп, тілек тілейді. Әсіресе, қасиетті айда осында жиі келіп, тәу етіп жатады.
Бұл ботаникалық бақта қақаған қыста да экзотикалық өсімдіктер - орхидея, магнолия, агава, лимон гүлдеп, жеміс беріп жатады.