Өңірде су тасқыны басталғалы бері 14 мыңнан астам адам эвакуцияланды және 5 мыңнан астам ауыл шаруашылық жануары қауіпсіз жерге көшірілді. Қазіргі таңда Шалақын және Тайынша аудандарындағы тасқын судан зардап шеккен тұрғындар өз үйлеріне орала бастады.


Қазіргі таңда Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданындағы үйлер суда қалып отыр. Облыстағы қалған елді-мекендерде тасқын су кеткен. Тұрғындар ақырындап өз үйлеріне қайтып жатыр. Бұл туралы облыстық төтенше жағдай департаментінде өткен брифингте айтылды.Бүгінде Петропавл су торабында су деңгейі 27 см ге төмендеді. Петропавл-Жезқазған бағытындағы республикалық тас жолдың Южный бақылау бекетіндегі су да тартыла бастады.


КИРИЛЛ ИВАННИКОВ, СҚО ТЖД АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

- Қазіргі таңда біз судың екінші толқынын күтіп отырмыз. Мысалы соңғы тәулікте Сергеев су қоймасындағы су деңгейі 18 см ге артқан. Ол жердегі жалпы су деңгейі 2 метр 78 см ге жетіп отыр. 


Облыстық төтенше жағдайлар департаментінде өткен брифингте әлеуметтік көмек мәселесі де айтылды. Қазіргі таңда Петропавлда тасқын судан зардап шеккен тұрғындарға әлеуметтік көмек көрсету үшін қосымша 30 қызметкер жұмылдырылған.


РИНАТ ЕЛЖАСОВ, СҚО ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫ ҮЙЛЕСТІРУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

- Міне соңғы 3 күнде Қызылжар ауданы тұрғындарының құжаттарын қабылдап жатыр.Сонымен қатар эвакуациялық пунктерде мобильдік топ жұмыс істейді.Әлеуметтік көмектің мөлшері 100 АЕК, яғни шамамен 360 мың теңгеге жуық. Бірреттік өтемақыны алуға тұрғындардан 2 күннің ішінде 1000-нан астам өтініш келіп түскен.


22-ші сәуірге қарай тасқынның екінші кезеңі басталады. Бірақ мамандардың айтуынша екінші толқын келгенше Петропавлдағы су кетіп үлгермек.