Петропавлда облыстық азаматтық альянстың алғашқы отырысы өтті. Іс-шараға үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, мемлекеттік органдардың өкілі қатысты. Жиын барысында үкіметтік емес ұйымдарға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты арттыруға қатысты ұсыныстар айтылып, азаматтық альянс қауымдастығының мүшелерін жаңарту мәселесі талқыланды. Сонымен қатар азаматтық қоғамның жандануына айтарлықтай үлес қосқан бірқатар үкіметтік емес ұйым Қазақстан Патриоттары медалімен марапатталды.
Облыстық азаматтық альянс 2005 жылы құрылған. Содан бері ол өңірдегі үкіметтік емес ұйымдарды дамыту бағытында, әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру жолында қыруар шаруа тындырып жатыр. Атап айтқанда, өткен жылдың өзінде жалпы құны 260 млн теңгеден асатын 97 жобаны мемлекеттік тапсырыс арқылы іске асырған. Ал биыл 347 млн теңгеге тағы 97 жобаны қолға алып, жүзеге асырмақшы. Бұдан бөлек азаматтық альянстың жаңа мүшелерін сайламақ. Мақсат – үкіметтік емес ұйымдарды дамыту, олардың мемлекеттік мекемелермен қарым-қатынасын одан әрі жетілдіру.
Әсел Есжанова, СҚО азаматтық альянсы төрағасы:
Азаматтық альянстың құрамына бұрын үкіметтік емес ұйымдар мен Іскер әйелдер қауымдастығы, Рух, тіл, жаңғыру сынды бірлестіктер енген болатын. Олар әр сала бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп, қоғамның әл-ауқатын көтеру мақсатында әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асырды. Ендігі мақсат – қысқа мерзімді жобалардан қол үзіп, ұзақ мерзімді жобаларға басымдық беріп, оны одан әрі жетілдіру.
Виктор Кривошеев 2010 жылы құрылған Есіл аудандық мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық бірлестігіне төрағалық етеді. Оның айтуынша, бұл ұйым спортты, білім беру жүйесін дамытуға үлес қосып, адам құқығын қорғаумен айналысады.
Виктор Кривошеев, қоғамдық бірлестік төрағасы:
Біз мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған әр түрлі іс-шара өткізіп келеміз. Қоғамдық қорлармен бірлесіп, Жаңа жыл, күзгі бал сынды іс-шараларды және балаларға арнап экскурсиялар ұйымдастырамыз. Біздің жұмыс істегенімізге 10 жылдан асты. Бұдан бөлек мүмкіндігі шектеулі жандарға заңгерік көмек көрсетеміз. Ватцап желісінде де адам құқығын қорғау үшін арнайы топ құрдым, яғни қиын жағдайға тап болған адамдарға тегін заңгерлік кеңес береміз.
2023 жылдың басынан бері қоғамдық кеңестердің қатысумен барлығы 183 отырыс өткізіліп, онда 580-нен астам мәселе қаралған. Айта кетейік, облыста 400-ден астам үкіметтік ұйым тіркелгенімен оның белсенді жұмыс істейтіні 300-ден сәл асады.