Есіл ауданында да көпке үлгі боларлық елді мекендер жетерлік. Жергілікті тұрғындар мен осындағы кәсіпкерлер бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ауылдың көркеюіне айтарлықтай үлес қосып жатыр. Бірлігі жарасқан, тұрмысы келісті елді мекендерде тілшілер қауымы болып, жағдайды көріп қайтты.


Бірлігі жарасқан Есіл ауданы Волошинка ауылында 600-ге жуық адам тұрады. Елді мекенің дамуына «Пушкинское» серіктестігі ықпал етіп жатыр.

Мәселен, білім ұясындағы құрал-жабдықтардың барлығы жергілікті кәсіпорынның қолдауымен сатып алынған. Қазіргі таңда мектепте 100-ге жуық оқушы оқиды, оларға 26 мұғалім білім береді.


ЕРМЕК САПКИРЕЕВА, Волошинка орта мектебінің директоры:

- 5 жылдың ішінде мектеп айтарлықтай өзгерді. Есіктері ауыстырылды. Оған 2 млн 100 мың теңге бөлінді. Линолеум төселді. Заманауи құрылғылар алынды. Мектеп алдына көптен күткен асфальт салынды. «Пушкинское» серіктестігі тіпті көктемде маңайға гүл егуге де көмектеседі.

«Пушкинское» серіктестігі 15 мың гектарға жуық алқапқа егін егеді.

Одан пай алып отырған 900-ден астам үлескер бар. Агроқұрылым басшысы Игорь Самборецкийдің айтуынша, ауылда пайдан мәселе жоқ. Өйткені шаруашылық егін орағы аяқталмай жатып, берешектен құтылуға тырысады.


ИГОРЬ САМБОРЕЦКИЙ, «Пушкинское» ЖШС басшысы:

-  Пайшыларымыз жыл сайын өздеріне тиесілі үлестерін алып отырады. 1 пай үшін 3 центнер шөп, жоғары сорттық 150 келі және 1-ші сорттық 50 келі ұн мен 54 келі кебек және сабан береміз. Пайды ақшалай да алуға болады.


Серіктестіктен пай алып отырған азаматтардың арасында Волошинка орта мектебінің мұғалімі Арай Жұмағалиеваның ата-анасы да бар.


АРАЙ ЖҰМАҒАЛИЕВА, Волошинка орта мектебінің мұғалімі:

-  "Пушкинское" серіктестігіне алғысымды білдіргім келеді. Жыл сайын пайдың үлесін беріп отырады: шөп, сабан, ұн ретінде.


Серіктестік дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жүргізіп берген. Айта кетейік, алдағы уақытта Волошинкада ауылішілік 3 көшеге асфальт төселмек. Жұмыс келесі жылдың мамыр айында басталады.


ВИТАЛИЙ КОЧЕРГИН, Волошинка ауылдық округінің әкімі:

-  Жол тиісті сараптамадан өтті. Жобаны жүзеге асыруға облыстық бюджеттен 303 млн теңге қарастырылған.


Ауыл ішіндегі көшелердің жалпы ұзындығы 5,2 шақырымды құрайды.

Ивано-Петровка ауылындағы «Дальнее» серіктестігі 95-ші жылы құрылған. Онда 30-ға жуық адам жұмыс істейді. Агроқұрылым тұрғындарға биылғы пайларын уақтылы берді.


НИКОЛАЙ ПЛЕТНЁВ, «Дальнее» ЖШС бастығы:

-  Келісімшартқа сәйкес біз пайларды уақытылы береміз. Қыркүйектің соңы мен қазанның басында беріп тастадық.

Игорь Павлик - "Дальнее" серіктестігінде 2006-шы жылдан бері жұмыс істейді. Мамандығы - инженер. Айтуынша, қолына айына 260 мың теңге еңбекақы алады.


ИГОРЬ ПАВЛИК, «Дальнее» ЖШС инженері:

-  Техникаға жауап беремін. Боран басталса, ауыл ішін және көрші ауылға баратын жолдарды қардан аршимын. Өзіме тиесілі пай үлесімді алдым. Жыл сайын уақытылы беріледі.


Елді мекенде 400-ге жуық адам тұрады. Оның дені - жастар. Ауылда тұрғындарға арналып спорттық нысан салынған. Амангелді ауылы да көркейіп келеді. Мұнда жуырда мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті.


БАҚЫТ ИСМАҒҰЛОВ, Амангелді ауылдық округінің әкімі:

- Аудандық бюджеттен 20 млн, ал облыстан 30 млн бөлінді. Сол қаражатқа ғимараттық шатыры мен терезелерін ауыстырдық. Жылу құрылғыларын тазартып, жаңарттық. Қазіргі кезде құрылыс жұмыстары аяқталып келе жатыр.


Амангелді ауылдық округіндегі халық саны 600-ден асады. Оған қарайтын 3 ауылдың арасындағы жолдар мен ауылішілік көшелер қалыпқа келтіріліп жатыр.


ГҮЛБАНУ ҚОЖАХМЕТОВА, Амангелді ауылының тұрғыны:

- Бәрі жақсы. Әрбір үйге су тартылып жатыр. Ауылда да көптеген өзгерістер болып жатыр. Пайды "Агрохимснаб"-тан аламыз. Биыл 75 мыңнан алдық. Бір-бір адамнан. Жалпы, 400 мыңдай болды. Былтыр жем және бидаймен алдық. Кешіктіру деген жоқ уақытында беріп тұрады.


Биыл «Агрохимснаб» серіктестігінің демеушілігімен Амангелді мектебінің спорт залына 1 млн теңгеге терезелер орнатылды. Шағын футбол алаңы салынды.


ВЛАДИМИР ОЛЕКСЮК, "Агрохимснаб" ЖШС басшысы:

- "Жылда мектептегі 2-3 сыныпты жөнге келтіріп отырамыз. Сондай-ақ үйлерге су кіргізіп жатырмыз. Өйткені 2021 жылы ауыл орталықтандырылған су жүйесіне қосылды. Келісімшартта көрсетілген міндеттемелерді орындап жатырмыз.


"Агрохимснаб"-та 60 адам жұмыс істейді. Орташа жалақы 300 мың теңге. Салтанат Сайпенова серіктестікте 23 жыл бойы еңбек етіп келеді.


САЛТАНАТ САЙПЕНОВА, "Агрохимснаб" ЖШС қызметкері:

-  Еңбекақымыз көілден шығады. Пай да уақытында беріледі. Бүкіл жұмысшыларға жем-шөп алуға болады.


«Агрохимснаб» серіктестігі биыл пай алушыларға 50 млн теңгені таратты.