Облыс әкімдігінде егін жинау науқанына дайындық пен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды. Айдарбек Сапаров бірқатар ескерту жасап, жүргізіліп жатқан тиімсіз жұмыс үшін бірнеше аудан әкіміне сөгіс жариялады.


 Солтүстік Қазақстан облысында егін жинау науқаны басталды. 900 гектар күздік дақылдар жиналды. 14 центнерден 1,2 мың тонна өнім жиналды. Биыл облыстың егіс алқабы 4,5 миллион гектарды құрады. Оның шамамен 3 млн гектары дәнді дақылдарға, 960 мыңы майлы дақылдарға бөлінді.


Мейрам Меңдібаев, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

- «Топырақтың құнарлылығын арттыру үшін биыл 200 мың тоннаға жуық тыңайтқыш енгізу жоспарлануда. Шаруалар қазірдің өзінде 2,3 миллион гектар жерге 171,5 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізді. Сортты жаңарту бойынша жұмыс жүргізілді. Облыс бойынша 44,2 мың тонна элиталық тұқым себілді, бұл 10,1% құрайды. Сортты жаңартудың ең жоғары көрсеткіштері Уәлиханов, Қызылжар және Тимирязев аудандарындағы тіркелді».


Алайда кейбір аудандарда төмен көрсеткіштер байқалады, бұл астықтың жалпы түсіміне әсер етуі мүмкін. Жауаптылар облыс әкіміне тындырылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.


Қабиден Сәдуақасов, Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы филиалының басшысы:

- «Уәлиханов ауданында итальяндық прус шегірткесі бар. Бүгінгі таңда 1027 гектар шаруашылық өңделді. 2 мың гектарда шегіртке бар. Бүгін жұмыртқа салу жүріп жатыр, сондықтан келесі жылы біз өңдеуге 2 мың гектар жер қоямыз. Сондай-ақ, егер ол өткен жылы тек 3 ауданда кене болса, биылғы жылы 11 кене табылды. Біз 21 мың гектарға зерттеу жүргіздік. 10 мыңнан астам кене бар, бұл тек зерттелген жерлер, бірақ көрсеткіш одан да көп болуы мүмкін».


 Жағдайды ерекше бақылауға алу керек, себебі туындаған мәселе салдары өнімді экспортқа шығаруға тыйым салуға әкеліп соғуы мүмкін. Айдарбек Сапаровқа жемшөпті дайындау жұмыстарының барысы жайында да ақпарат берілді.


 Мейрам Меңдібаев, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

-  «82% шөп пен 88% сенаж дайындалды. Облыс бойынша 64 мың үйде мал бар. Бүгінгі таңда 29,8 мың аула жем-шөппен қамтамасыз етілген. Облыстың құрғақ аудандарында шөп жинау бойынша проблемалар бар. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы құрылымдары мал шаруашылығының қажеттіліктері үшін сабанды сақтау жөнінде шаралар қабылдауы қажет».


Жиын барысында Павлодар облысы жем-шөп дайындау мәселесі бойынша солтүстік аймақтан көмек сұрағаны айтылды. Аграрлық сектордағы ағымдағы жағдай мен егін жинау науқанына дайындық талқыланған соң, облыс әкімі бірқатар тапсырма берді.


Айдарбек Сапаров, СҚО әкімі:

-  «Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына аудан әкімдерімен, сондай-ақ облыстың агроқұрылымдарымен бірлесіп 10 тамызға дейін техниканың егін жинау жұмыстарын жүргізуге 100% дайындығын қамтамасыз етуді, жанар-жағармай материалдары мен операторларының тәулік бойы жұмысын, қосалқы бөлшектерді үздіксіз жеткізуді, сервистік қызметтердің, дүкендердің, сондай-ақ барлық элеваторлар бойынша астықты тәулік бойы қабылдауды ұйымдастыруды тапсырамын».


 Отырыс барысында облыстағы инвестициялық жобаларды іске асыру мәселесі де ортаға салынды. 2022 жылғы инвестициялық рейтингке сәйкес СҚО көш бастап тұр. Аққайыңдар өлкесінен кейін Алматы қаласы 2-ші орынға жайғасқан. Осыған қарамастан, өңір әкімі жобалардың іске асырылуындағы бақылаудың жеткіліксіздігін, салада жүргізіліп жатқан жұмыстардың әлсіздігін атап өтті. Мұны статистика да растайды.


 Дархан Амрин, СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының м.а.:

-  «Жыл басында әр ауданмен бірлесіп инвестициялық жобалар пулы құрылды. Басқарма тұрақты негізде мониторинг жүргізеді. Жартыжылдық қорытынды бойынша 2023 жылға арналған 44 жобаның ішінде тек 20 жоба іске қосылып, 76 млрд теңге сомасына 173 жұмыс орны құрылатыны анықталды. 16 жоба іске асырылмайды, ал 8 жоба келесі жылға қалдырылды».


Аймақ басшысы жүргізіліп жатқан жұмысты сынға алды. Биылғы жылы тек 1 жоба жоспарланған аудандардың әкімдеріне ескерту жасалды. Ал Ақжар және Уәлиханов аудандарының басшыларына өңдеу өнеркәсібінде бірде бір инвестициялық жоба іске асырылмағандықтан сөгіс жарияланды.


Айдарбек Сапаров, СҚО әкімі:

- «Аудандардың барлық әкімдеріне кемінде 3-4 жоба болуы үшін тапсырма беремін. Марат Иманбайұлы бұл жұмысты Рүстем Жомартұлымен бірлесіп тапсырманы жеткізіңіз. Ұлттық экономика министрлігі бұл жоспарға 496 миллиард теңге бөлген. Біз оны орындауымыз керек».


Облыс әкімі инвестиция тарту экономиканың өсуінің негізгі драйверлерінің бірі болып табылатынын атап өтті. Ағымдағы жылдың 7 айында аймаққа шамамен 186 миллиард теңге шетелдік қаражат түсті. Ең көп қаржы дәстүрлі түрде ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласына түседі.