Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда жеке кәсіпті бастауға барлық жағдай жасалған. Бүгінгі күні аудан орталығында кәсіпкерлік нысандар ашылып жатыр. Солардың бірі «Лабиринт» балалар ойын-сауық орталығы. Кәсіпкер ойын орталығын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының көмегін ашқан. Ол үшін арнайы төмен пайыздық мөлшерлемемен несие алған.


 Аяз Темірғалиев осыдан 1 жыл бұрын балалар үшін ойын орталығын ашуды жоспарлаған. Сол үшін 2022 жылы «Даму» қорына жүгініп, 6 пайыздық мөлшерлемемен 35 миллион теңге несие алды. Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда бой көтерген кешен екі залдан тұрады. Сонымен қатар, нысанда шағын дәмхана аймағы да бар. Бүгінгі күні орталықта 4 адам қызмет атқарады. Орташа айлық 120 мың теңге.


 АЙГҮЛ ТЕМІРҒАЛИЕВА, Ғ.МҮСІРЕПОВ АТЫНДАҒЫ АУДАННЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- «Аудан тұрғындары үшін облыс орталығына қатынау қиын болғандықтан осындай ойын-сауық орталығын ашуды ұйғардық. Жұбайым бірден «Даму» қорына жүгініп несие алды.Ең алдымен мемлекетке ризашылығымызды білдіреміз.Кәсіпті бастауға қолдау көрсетіп, демеу көрсетті. Тұрғындардың тарапынан орталыққа деген сұраныс жоғары. Балғындар келіп уақыттарын тиімді өткізе алады.»


 Орталық 1 жастан 13 жас аралығындағы балаларға арналған. Барлық ойын құрылғылары балалардың денсаулығына зиян келтірілмейтін материалдардан жасалған.


ӘЛМИРА АТАМБЕКОВА, Ғ.МҮСІРЕПОВ АТЫНДАҒЫ АУДАННЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- «Аудан орталығында балаларға арналған ойын-сауық орталығының ашылғанына қатты қуаныштымыз.Бүгін міне баламды осында ойнатуға әкелдім.Ғимараттың іші үлкен,арнайы тамақтанатын орын да бар.»


- «Орталыққа достарыммен бірге көңіл көтеру үшін келдім.Барлығы ұнап жатыр.»


- «Достарыммен күнделікті келіп ойнап тұрамыз. Осындай ойын орталығының ашылғанына қатты қуаныштымыз. Бос уақытымыз тиімді өткізіп жатырмыз.»


 Жеке кәсіпкер алдағы уақытта балаларға арнап қосымша спорт және ойын алаңдарын салуды жоспарлап отыр.