Солтүстік Қазақстан университетінің Аризона университетімен екі дипломдық білім беру бағдарламасы іске қосылды. Салтанатты іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім Министрі Саясат Нұрбек, өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов және Аризона университеті мен Қазақстандағы АҚШ-ның Елшілігінің өкілдері қатысты. Жаңа оқу жылында аталмыш жоба аясында Жоғары Оқу Орнында 170 қыз-жігіт білім алмақ. 
Жаңа экономика құру үшін жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақстаныда 2021-ші жылы Аризона университеті мен Білім және ғылым министрлігі арасында  меморандум жасалды. Маңызды құжаттың аясында бүгін СҚУ-де екі дипломдық білім беру бағдарламасы іске қосылды. 
 
ЕРЛАН ШҰЛАНОВ, KOZYBAEV UNIVERSITY БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
-   Биыл Аризона университетімен бірігіп, халықаралық білім беру бағдарламасын жүзеге асырамыз. Барлық солтүстікқазақстандықтарды үлкен жетістікпен құттықтаймын.Енді біздің облыста әлемдік деңгейдегі білім қолжетімді болды.
 
 Аризона университі АҚШ-тың ғана емес, сондай-ақ әлемдік рейтингтегі ең үздік 100 оқу орнының қатарына кіреді. Білім саласы, IT, инженерия, агротехникалық  және тағы да басқа бағыттар бойынша оқыту аккредиттелген білім беру бағдарламалары аясында ағылшын тілінде жүргізіледі деген уағдаластық бар. Бұл әріптестіктің негізгі басымдығы - бірлескен ғылыми зерттеулерді дамытуға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ, оқыту процесіне халықаралық профессорлар мен бизнес-қауымдастық өкілдері жұмылдырылады.
 
ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
-   Қазақстанның болашағы жастардың қолында дейтін болсақ, онда жастар әлемдік деңгейде интеграциялануы керек. Ал интеграциялану бірінші кезекте білім мен ғылымның арқасында болады. Ал егерде біз әлемнің үздік ЖОО-дарымен тығыз байланыста болатын болсақ, онда мына болашақ ұрпақтың мүмкіндігі жоғары болады деген сенімдемін.
 
Американдық және қазақстандық үлгідегі дипломдар биотехнология, өсімдіктер туралы ғылым, өсімдіктер саулығы туралы ғылым және технологиялар, Ақпараттық жүйелер және тамақ қауіпсіздігі мамандықтары бойынша беріледі. Айта кетейік, келесі жылы бағдарламалар саны артуы мүмкін.
 
САЯСАТ НҰРБЕК, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ: 
-  Бұл жоба Қазақстан үшін, Президентіміз үшін маңызды жоба. Өздеріңізге мәлімі Қасым-Жомарт Тоқаев келесі 2-3 жылда елде 5 шетелдік университеттің филиалдары ашылсын деді. Осыдан 3-4 күн бұрын Атырауда Губкин атындағы университеттің филиалын аштық.
 
Аталмыш жоба аясында БОЛАШАҚТА Қазақстандық студенттерге 500 грант бөлінеді. Мұнымен қоса, соңғы семестрде студенттер Америкадағы филиалда білім ала алады.Бүгінгі таңда екі дипломдық білім беру бағдарламасының аясында Козыбаев университетінде 170 қыз-жігіт білім алмақ. Солардың бірі Жәмилә Досаева. Бойжеткен Нұр-Сұлтан қаласының тумасы. Ол болашағын биотехнология мамандығымен байланыстырмақ.
 
ЖӘМИЛӘ ДОСАЕВА, СТУДЕНТ:   
-   Екі дипломдық білім беру бағдарламасына қатысып, 4 жыл бойы биотехнология мамандығында оқу үшін мен ҰБТ-ді және АИЛТСті үздік тапсырдым. Бүгінгі күні осы ЖОО-да білім алатыныма қуаныштымын. Жастарға ғылым саласында тәжірибе жинау мен еңбектенуі үшін жағдай жасалып жатқанына қуанштымын. Жаңа оқу жылында барлық достарыма толағай табыс тілеймін.
 
 Салтанатты шарадан соң меймандар жаңа оқу-лабалоториялық корпусты аралады. Олар білім беру кезінде қолданылатын технологиялар және әдіс-тәсілдермен танысты.
  Одан әрі меймандар бірқатар меморандум мен ынтымақтастық туралы келісім-шарттарға қол қойды.  Жалпы бұл  жоба Кozybayev University брендін жаңа деңгейге көтеруге, СҚО-нан шықпай-ақ халықаралық білім алуға мүмкіндік береді.
 
Майгүл Сейілбек