Облыста колледждерге оқуға қабылдау басталды. Пандемияға байланысты талапкерлер қалаған мамандықтарына екі жолмен түсе алады. Бірі дәстүрлі болса, екіншісі егов порталы арқылы онлайн форматта жүргізіледі. Енгізілген жаңа талаптар жайлы әріптесім Аманжол Нұртазин айтсын.
Облыстың орта арнаулы ордаларына оқуға түсу науқаны маусымның 20-нан басталып кетті. Петропавл темір жол көлігі колледжі талапкерлердің өтініштерін қабылдап жатыр. Бүгінде 63 жас азамат бұл оқу орнында білім алуға ниет білдірді. Оның үшеуі онлайн форматқа жүгініп, құжаттарын электрондық нұсқада тапсырды.
СВЕТЛАНА ГРИНЬКИВ, Б.ӘШІМОВ АТЫНДАҒЫ ПЕТРОПАВЛ ТЕМІР ЖОЛ КӨЛІГІ КОЛЛЕДЖІ ҚАБЫЛДАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ЖАУАПТЫ ХАТШЫСЫ:
- Биыл оқуға екі түрлі жолмен қабылдайды. Бірі дәстүрлі – колледжге келіп, қажетті құжаттарды тапсырып жатыр. Екіншісі онлайн тұрғыда. Ол дегеніміз, талапкерлер егов порталына электрондық цифрлы қолтаңба арқылы кіріп, тиісті құжаттардың сканерлеуден өткен нұсқасын қашықтан колледжге жібере алады. Сондай-ақ, талапкерлер өз өтініштерін білім ордасының сайты арқылы беруге мүмкіндіктері бар.
Биыл колледж 300-ден астам талапкерді қабылдамақ. Оның 275-не тегін білім алуға мүмкіндік берілсе, 23-і ақылы оқуға түспек. Айта кеткен жөн, облыста 25 орта арнаулы білім ордасы жұмыс істеп келеді. Оның 21-і мемлекеттік болса, қалғаны жеке меншік иелігінде.
БАУЫРЖАН ЗЕЙНУЛЛИН, СҚО БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:
- Осы жылы талапкерлер колледжге оқуға түсу үшін емтихан тапсырмайды. Олардың аттестаттарындағы бағалардың коэфиценті негізінде жас азаматтар қабылданады. Әр мамандықдыққа қажетті пәндер ескеріледі. Оқуға қабылдау маусымның 20-нан тамыздың 20-на дейін жүргізіледі.
Білім басқармасы мамандарының айтуынша, биыл өңірдің 3 мыңға жуық талапкері тегін оқуға түсіп, шәкіртақы алуға мүмкіндіктері бар. Оның 426-сы - еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар.
Аманжол НҰРТАЗИН