Негізгі Жаңалықтар Германиядан 165 бас голштин тұқымды сиыр жеткізілді

Германиядан 165 бас голштин тұқымды сиыр жеткізілді

Қызылжар ауданының Чапаево ауылына Германиядан голштин тұқымды 165 бас ірі қара мал жеткізілді. Бұл – жоспарланған 330 бастың алғашқы партиясы. Асыл тұқымды сиырлар өңірдегі мал шаруашылығын дамытуға және сүт өндірісін арттыруға бағытталған.

Ірі қара мал мемлекеттік бағдарлама аясында жеткізіліп отыр. Жоба отандық мал шаруашылығын дамытуға, асыл тұқымды мал басын көбейтуге және сүт өндірісінің көлемін арттыруға бағытталған. Германиядан әкелінген голштин тұқымды сиырлар жоғары сүт өнімділігімен ерекшеленеді.

ЖОМАРТ ТОҚТАМЫСОВ, «ҚЫЗЫЛЖАР СҮТ» ЖШС ӨКІЛІ:

Шетелден асыл тұқымды мал жеткізу – бірнеше кезеңнен тұратын жауапты жұмыс. Әсіресе, жануарлардың ветеринариялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық беріледі. Сондықтан оларды қабылдау кезінде белгіленген талаптар қатаң сақталып, тиісті бақылау жүргізіледі.

ҚАЙЫРЛЫ ҚАЗАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУМАҚТЫҚ ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ ҚАДАҒАЛАУ ИНСПЕКЦИЯСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жоспарланған 330 бас мал толық жеткізілгеннен кейін шаруашылықтың асыл тұқымды ірі қара саны арта түспек. Бұл өз кезегінде өңірдегі сүт өндірісін дамытуға және ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Бөлісу