Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында премьера. «Махаббат әні» пластикалық спектаклі тұңғыш рет сахналанды. Қойылым Мұзафар Әлімбаевтың «Естай-Қорлан» поэмасының желісі бойынша қойылған. Би қимылдарын «Шабыт» би ансамблінің қоюшы хореографы Нұрай Мұхамеджан сахналады. Пластикалық спектакльдің ерекшелігі – әртістер оқиғаны, кейіпкерлердің ішкі сезімдерін би қимылдары арқылы баяндайды.

«Махаббат әні» спектаклі Естай мен Қорланның ел аузында аңызға айналған махаббат хикаясына негізделген. Қалыңдық алуға шыққан Шошанның жол үстіндегі кездейсоқ таныстығы екі жастың өмірін мүлде өзгертеді. Алайда Естай мен Қорланның таза сезімі ескі салт-дәстүр мен елдің сөзінен аса алмай, қайғылы шешімге тіреледі.

НҰРАЙ МҰХАМЕДЖАН, ҚОЮШЫ ХОРЕОГРАФ

Мен Жүргенов академиясын режиссура-хореография мамандығы бойынша аяқтадым. 4 курс кезінде диплом қорғауда спектакль қоюда таңдау болды. Сол кезде мен осы әнді таңдап, қойылым қоюды шештім. Бұл пластикалық қойылым «Шабыт» би ансамблі мен қазақ сазды-драма театры актерлері арасындағы синтез. Осы екі құрамды қосып пластикалық қойылым қоюды шештік.

Естай мен Қорлан - махаббаттың символына айналған қос ғашық. Қосыла алмаса да, бір-біріне деген кіршіксіз сезімі ел жадында сақталып, талай шығармаға арқау болды. Бұл махаббат тарихы «Махаббат әні» пластикалық спектаклі арқылы сахнада қайта жаңғырды. Қорланның бейнесін сомдаған - актриса Жұлдыз Тынысбек.

ЖҰЛДЫЗ ТЫНЫСБЕК, С.МҰҚАНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ САЗДЫ-ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ АКТРИСАСЫ

Пластика енді барлық қойылым бойы қозғалыста болғандықтан, би арқылы жеткізу керек болғандықтан қиын. Оған сен пластиканы ғана емес, өзіңнің актерлік шеберлігіңді де қосуың керек. Сол себепті сәл қиынға түсті. Бізге берілген рөл болғандықтан жоғары деңгейде ойнауға тырысамыз.

Спектакльді көрермен назарына ұсыну үшін шамамен екі ай уақыт жұмсалды. Қойылымды тамашалауға келген өнерсүйер қауымның қарасы қалың болып, сахнадағы әсерлі би мен сезімге толы оқиға көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.