Мектеп алды даярлық кезеңі – баланың тұлға ретінде қалыптасуындағы ең маңызды уақыт. Осы жауапты кезеңде әр баланың жүрегіне жол таба білетін, білімі мен тәжірибесін ұштастыра алған ұстаздардың еңбегі ерекше. Солардың бірі – мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту және логопед-дефектолог маманы Гүлсана Байтұяқова. 

Білікті ұстаз бұл салада 13 жылдан бері еңбек етіп келеді. Оның ұстаздық жолды таңдауына тұңғыш баласының балабақшаға баруы себеп болып, балаларға деген шексіз махаббаты бұл шешімді бекіте түскен. Нәтижесінде ол мектепке дейінгі білім беру саласына бет бұрып, кейіннен логопед-дефектолог мамандығын меңгерген.

ГҮЛСАНА БАЙТҰЯҚОВА, МЕКТЕП АЛДЫ ДАЯРЛЫҚ МҰҒАЛІМІ

Ұстаз өз жұмысында заманауи әдіс-тәсілдерді кеңінен қолданады. Соның ішінде тепе-теңдік тақтасы мен мнемотехника элементтері бар. Бұл әдістер қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі саналатын сөйлеу дамуының кешеуілдеуін түзетуге, сондай-ақ баланың ойлау қабілеті мен зейінін дамытуға көмектеседі.

ГҮЛСАНА БАЙТҰЯҚОВА, МЕКТЕП АЛДЫ ДАЯРЛЫҚ МҰҒАЛІМІ

Еңбек жолында Гүлсана Байтұяқова ұстаздық қызметіндегі табыстары үшін бірқатар марапаттар мен алғыс хаттарға ие болған. Алайда ұстаз үшін ең үлкен жетістік – әр баланың биік белестерді бағындырып, өз мүмкіндігін толық аша алуы.