Жыл басынан бері Петропавл қалалық көпсалалы жедел медициналық көмек ауруханасының жарақат бөліміне 1134 адам жүгінген. Медициналық ұйымның дерегінше, келушілердің басым бөлігі қала тұрғындары, қалғаны ауылдық жерлерден. Науқастардың шамамен жартысы көшеде алған жарақаттарымен келген. Қалғандары тұрмыстық жағдайда қол-аяғын сындырып, күйік алып немесе басқа да жарақаттармен қаралған. Сонымен қатар, 9 жағдай жол-көлік оқиғаларына байланысты тіркелген.
Аяз күшейгелі үсік шалу деректері де артып отыр. Соңғы үш аптада ауруханаға 16 адам үсік белгілерімен жеткізілген, олардың 10-ы стационарда ем қабылдауда. Бірқатар науқастың жағдайы ауыр болғандықтан, жансақтау бөліміне жатқызылды. Дәрігерлер тұрғындарды қолайсыз ауа райында қауіпсіздік ережелерін сақтауға, суықта ұзақ жүрмеуге және алкогольден бас тартуға шақырады. СҚО-да күн қайта қатты суыттты. Түнде ауа температурасының -35 градусқа дейін төмендеуіне байланысты қоғамдық және дизельмен жүретін көліктердің жолға шығуына шектеу қойылды.