Азаматтар мен бизнестің жеке меншігін, соның ішінде банктік құпияны Конституция деңгейінде қорғауды күшейту қажет. Бұл туралы мәжіліс депутаты Азат Перуашев Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның отырысында айтты. Соңғы жылдары банк операциялары мен салымдарға қатысты ақпараттың жиі жария болып кеткені рас. Жеке деректердің тез таралуы қоғамды алаңдатып отыр. Депутаттың пікірінше, қаржы ұйымдарындағы дербес мәліметтер жеткілікті деңгейде қорғалмайды.
Бұл жаппай цифрландыру мен электронды қызметтер заманында аса үлкен қауіп. Осыған байланысты «Ақ жол» партиясы банктік құпияны, жеке және іскерлік келіссөздерді, кез келген байланыс құралдары арқылы берілетін хат-хабарларды жоғары деңгейде қорғауды ұсынды. Бұл нормалар адамдардың жеке меншігіне қол сұғылмауын қамтамасыз етуі тиіс. Жаңа өзгерістер кәсіпкерлердің сенімін арттырып, инвестицияны көбейтуге және ел экономикасының тұрақты дамуына мүмкіндік бермек.
АЗАТ ПЕРУАШЕВ – ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ