Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавл 2-ЖЭО болып, нысанның жұмысымен танысты. Облыс орталығында жылыту маусымы қалыпты режимде өтіп жатыр. Қазіргі таңда Петропавл 2-ЖЭО-да 10 қазандық агрегаты және 7 турбоагрегаты жұмыс істеп тұр. Жылыту маусымы 3 түтін мұржасы арқылы басталды. Жалпы, биыл күзгі-қысқы кезеңге дайындыққа 27 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді.

Жылу және электр жүйелерінің сенімді жұмысын қамтамасыз ету мақсатында 12,6 шақырым жылу желісіне, 1520 шақырым электрмен жабдықтау желілеріне және 227 қосалқы станцияны жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді.

АНАТОЛИЙ КАЗАНОВСКИЙ, «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Солтүстік Қазақстан облысының электр желісін таратушы компаниясы күзгі-қысқы кезеңге дайындыққа инвестициялық бағдарлама аясында шамамен 4 миллиард теңге жұмсады. Компания 381 елді мекенге қызмет көрсетеді, оның ішінде төрт қала бар.

Петропавл 2-ЖЭО-ға көмір жеткізу бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Қазіргі таңда қоймада 199,6 мың тонна көмір қоры бар, бұл 29 тәулікке жетеді. Сондай-ақ 1900 тонна мазут сақтаулы, ол 63 тәулікке жеткілікті.Мамандардың айтуынша, жылыту маусымының ойдағыдай өтуі толық бақылауда.

БЕРІК ТӨРЕБЕКОВ, СҚО ӘКІМДІГІНІҢ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҮКШ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫ ОРЫНБАСАРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ

Жалпы, қазіргі таңда 484 қазандық жұмыс істеп тұр. Жылуға 636 білім беру нысаны, 364 денсаулық сақтау мекемесі және 1453 көпқабатты тұрғын үй қосылған. Сондай-ақ, жылыту маусымы кезінде болуы мүмкін апаттық жағдайлардың алдын алу және олар туындаған сәтте жедел әрі тиімді әрекет ететін арнайы бригадалар дайын.

БЕРІК ТӨРЕБЕКОВ, СҚО ӘКІМДІГІНІҢ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҮКШ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫ ОРЫНБАСАРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ

Өңірде 562 мың тонна көмір дайындалды, бұл жоспардың 90 пайызын құрайды. Тұрғындар 379 мың тонна көмір яғни 93 пайыз, ал бюджеттік мекемелер 142 мың тонна қатты отынмен толық қамтамасыз етілді. Орталық қазандықтарға 41 мың тонна көмір әзірленген, ол жылыту маусымы бойы кезең-кезеңімен жеткізіледі.Қазіргі таңда облыстың теміржол тұйықтарында 31 мың тонна көмір қоры бар, оның 1 375 тоннасы Петропавл қаласына тиесілі.