Өңірде қызылша жұқтырғандар саны айтарлықтай азайды. Былтыр облыста барлығы 70 адам ауырған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 4,6 есе төмен.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, сырқаттанғандардың 33-і Петропавл қаласында, 14-і Уәлиханов, 8-і Қызылжар, 5-еуі Айыртау ауданында тіркелген. Ауырғандардың 77 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар. Мамандардың айтуынша, қызылша ауа арқылы жұғады және екпе алмаған адамдар арасында жиі таралады. Облыста ауырғандардың 93 пайызы вакцинацияланбаған немесе олардың екпе алғанын растайтын құжаты болмаған. Дәрігерлер қызылшаның асқынуы өкпе қабынуы, менингит және энцефалит секілді ауыр дерттерге тіпті, өлімге де әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Инфекциядан қорғанудың ең тиімді жолы — вакцинация. Қызылшаға қарсы екпе балаларға 12 айлығында және 6 жаста салынады.