Облыстық полиция департаментінің жаңа бастығы Абай Жүсіпов БАҚ өкілдерімен кездесу өткізді. Жиын барысында Абай Жүсіпов өз сөзінде құқық қорғау органдарының негізгі міндеті – азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау екенін атап өтті. Ол полиция қызметінің тиімділігі қоғаммен тығыз қарым-қатынас орнату арқылы арта түсетінін айтып, БАҚ өкілдерінің бұл жолдағы рөлі ерекше екенін айтты.

Кездесу барысында Абай Жүсіпов жиналғандарға өзі жайлы қысқаша мәлімет беріп, қызметтік жолымен таныстырды. Оның айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысы – еңбек жолындағы жетінші өңірі. Ішкі істер органдарында 2003 жылдан бастап жұмыс істейді. Абай Қуатбайұлы алдағы уақытта аймақтағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және полиция қызметінің тиімділігін арттыру бағытында бірқатар жүйелі жұмыстар атқаруды жоспарлап отырғанын жеткізді.

АБАЙ ЖҮСІПОВ, СҚО ПД БАСТЫҒЫ

Департамент бастығы журналистер мен операторлардың кәсіби еңбегін жоғары бағалап, олардың шынайы әрі жедел ақпарат таратудағы маңызын ерекше атап өтті.Сондай-ақ, жиын барысында бұқаралық ақпарат құралдарының бірқатар өкілдері марапатталды. Олардың қатарында QAZAQSTAN ұлттық телеарнасының СҚО бойынша меншікті тілшісі Эльмира Кәленовада бар. Журналист ІІМ ұйымдастырған «Погон таққан журналист» атты жобаға белсене қатысып, бір күн бойы тергеушінің қызметін атқарды.

ЭЛЬМИРА КӘЛЕНОВА, «QAZAQSTAN» ҰЛТТЫҚ ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ СҚО БОЙЫНША МЕНШІКТІ ТІЛШІСІ

Айта кетейік, Полиция Департаменті мен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы өзара байланыс – қоғамдағы ашықтық пен сенімділіктің берік көпірі. Жиын соңында медиа саласының өкілдері өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдірді.