Аққайың ауданындағы Шағалалы ауылы шағын болса да мұнда 27 жылдан бері жергілікті тұрғындардың өмірін жақсартуға бағытталған бірегей кәсіпорын жұмыс істейді. Ол жеке кәсіпкер Светлана Меденникова басшылық ететін ет өңдеу кешені.
90-шы жылдардағы тоқырау көптеген жанды тығырыққа тіреді. Сол кезде жақсы жұмыс, жанға жайлы жер іздеп ауылдан үдере көшкендер аз емес. Соның бірі Светлана Меденникованың отбасы. Олар мал-мүлік, үй-жайын сатып Шағалалыдан Германияға қоныс аударады.
Алайда бөтен жерге үйренісіп, сіңісіп кету оңай шаруа емес дейді өткенге көз жүгірткен Светлана Федоровна. Осылайша олар елге оралуға шешім қабылдап, туған жерге көш түзейді.
Светлана Меденникова
Осында келіп үй сатып алады. Ауыл шетіндегі бос тұрған жерден қазіргі ет өңдеу кешенінің іргетасын қалап, құрылыс басталады. Қомақты қаржы мен тынымсыз еңбектің арқасында өндіріс ошағы 1998 жылғы қиын кезеңде іске қосылып, ауылда жаңа жұмыс орындары пайда болған.
Светлана Меденникова – кәсіпкер
Қазір алайда қарқын шамалы мұнда. Аптасына бір рет қана өнім өндіріледі бұл жерде. Бұрынғыдай қайнаған тіршілік жоқ. Алғашқы жылдардағы 100 адамнан небары 10 адам ғана еңбек етіп жатыр қазіргі күні. Кәсіпорын жұмысының төмендеуіне сауда сөрелерін жаулап алған импорттық тауар тосқауыл болған.
Светлана Меденникова – кәсіпкер
Жалпы кәсіпкер Светлана Меденникованың мамандығы орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Жолдасы нысанаға мылтық атудан халықаралық спорт шебері болған. Германияға көшкенге дейін ерлі-зайыптылардың бірі мұғалім болып, екіншісі спорт саласында еңбек еткен. Өз алдына кәсіптерін ашу жоспары Германиядан ауылға қайта көшуге бел буғанда пайда болады. Германиядан көшерде шұжық шығаруға қажетті ескі қондырғыларды сатып алудағы мақсатымыз, болашақ кәсібімізді өз еліміз-өз жерімізде бастау еді-дейді Светлана Федоровна. Талпынған жетер мақсатқа деген осы болар бәлкім. «Солтүстік Қазақстанда жасалған» деген атаумен шығарылатын кәсіпорын өнімдеріне сұранысты арттырып, жергілікті тауар өндірушілерді қолдау баршамызға ортақ міндет.