Өңірде жыл басынан 27 кг астам есірткі тәркіленді, 3 студент есірткі сатқаны үшін темір торға тоғытылды. СҚО полицейлері есірткі қылмысының алдын алу бойынша жүйелі жұмыстар атқарып келеді. «Жасөспірім» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде олар кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенттерімен кездесті. Жиында жастарға есірткінің зияны туралы айтылып, есірткіге қарсы фильмді түсіруге атсалысқан студенттер марапатталды.

Жыл басынан СҚО-да колледждің 3 студенті есірткі сатқаны үшін сотталды. Жастар арасында есірткі қылмысының алдын алу бағытында өңір полицейлері түсіндіру жұмыстарын қолға алған. «Жасөспірім» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде тәртіп сақшылары Солтүстік Қазақстан жоғары кәсіптік-педагогикалық колледжінің оқушыларымен кездесті.

Кездесу барысында полицейлер бастамашылық білдірген «Есірткі жасырушылар. Жаза» деректі фильмінің түсіріліміне қатысқан студенттерді марапаттады. Оларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.

Тәртіп сақшылары жыл басынан облыста 106 есірткі құқық бұзушылығы, оның ішінде 39 есірткі өткізу фактісі анықталғанын айтты. Заңсыз айналымнан 27 кг. астам есірткі, оның ішінде 2,5 кг. астам синтетикалық есірткі тәркіленді. Көкшетау мен Астана қалаларынан «синтетиканы» жеткізудің 3 тұрақты арнаның жолы кесілді. Кездесуге прокуратура қызметкерлері мен есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу кеңесінің мүшесі, блогер және журналист Руфия Мұстафина қатысты.

Заңды табыс табудың көптеген жолдары бар. Ал есірткімен байланыссаңыз, жеті жыл өміріңіз темір тордың арғы жағында өтеді. Жаңа заңнама бойынша ірі көлемде есірткі таратушылар үшін осындай ең төменгі жаза көзделген. Ал есірткі саудасын ұйымдастырушылар үшін 15 жылдан бастап өмір бойына дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Полицейлер жастарды саламатты және белсенді өмір салтын ұстануға, Заң мен Тәртіп идеясын құрметтеуге шақырады.