Петропавл қаласының полициясы саяжайларды қорғауды күшейтті. Сондай-ақ қалалық жағажай да бақылауға алынып, тәртіп сақшылары мен құтқарушылар бірлесе кезекшілік атқарып жатыр.

Петропавл шетіндегі, Есіл өзенінің ескі арналары маңындағы саяжай алқаптарында полиция қызметкерлері күшейтілген патрульге шықты. 7 сәуірден бастап қалалық жағажай маңында моторлы қайық суға түсірілді. Онда екі полиция қызметкері мен бір құтқарушы кезекшілік етеді. Мақсат — суда қайғылы оқиғалардың алдын алу, уақытша бос тұрған саяжайларды күзету және құқықбұзушылықтарға жол бермеу.

Апта басынан бастап саяжайларды патрульдеуге Ұлттық ұланның 6637 әскери бөлімінің сарбаздары да қосылды. Олар полициямен бірге бақша серіктестіктерін аралап, жағдайды бақылауда ұстап отыр. Бұл тұрғындарға өз дүние-мүлкінің қауіпсіз екеніне сенімді болуға мүмкіндік береді.

Бүгінде Петропавлда өзен маңындағы саяжайлар аумағында тәулік бойы жұмыс істейтін полиция бекеті бар. Жағдай тиісті қызметтердің тұрақты бақылауында. Полиция, құтқарушылар мен жергілікті әкімдік өкілдері тығыз байланыста жұмыс істеп, кез келген өзгеріске жедел әрекет етуге дайын.