Өңірде көктем басталғалы 22 гидрологиялық бекет жұмыс істеп жатыр. «Қазгидромет» кәсіпорны облыстық филиалының мамандары осылайша облыстағы тасуы мүмкін өзен-көлдерді бақылауға алған. Мәселен қазір Бабықбұрлық, Аққанбұрлық, Мұқыр, Иманбұрлық, Шағалалы, Қамысақты өзендерінде су деңгейі түсіп келеді.

Ал, Есіл өзені кей елді мекен маңында біршама көтерілген. Өткен бір тәулікте Новоникольское маңында 99 см-ге, Петропавл жанында 67 см деңгейі жоғарылағанымен, әзірге қауіп тудырмайды.

Ал Сергеев су қоймасы бөгетінің жотасынан асып төгілуі 97 см-ге жетіп, тоқтады. Бүгінгі таңда көрсеткіш өзгермеген. Корнеевка ауылындағы Үлкен Тораңғұл көлінде су деңгейі қауіпті деңгейден 2 см-ге асып, 369 см-ге жетті. Облыстың басқа су айдындарында жағдай тұрақты.