Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында 6 мыңнан астам шетелдік азамат және 4,5 мыңға жуық уақытша тұруға рұқсаты бар адам тұрады. Полицейлер көші-қон заңнамасының бұзылуын болдырмау үшін жұмысты күшейтті.
Құқық қорғаушылар базарлар мен құрылыс нысандарын, ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен қосалқы шаруашылықтарды, сондай-ақ шетелдіктер шоғырланып тұратын және еңбек ететін басқа да орындарды тексеріп жатыр.
11 наурыздан бастап облыста «Мигрант-2025» жедел-алдын алу іс-шарасы басталды. Мақсат – Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасының бұзылуын анықтау. Операцияға көші-қон қызметінің мамандарымен бірге облыстық полиция департаментінің жедел уәкілдері мен учаскелік инспекторлары да жұмылдырылған.
СНХР: СӘБИТ ЖҮСІПОВ – СҚО ПД КӨШІ-ҚОН ҚЫЗМЕТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ
Екі ай ішінде полицейлер 2 мыңнан астам құқық бұзушылықты анықтады. Ең жиі кездесетіні – елде болу мерзімін бұзу. Бұл үшін 200-ге жуық шетелдік жауапқа тартылды. Сондай-ақ, 77 облыс тұрғыны шетелдік қонақтарды тіркеу тәртібін уақытында орындамаған. Ал бес жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.