Ұлттық ұлан – ерлік пен тәртіптің мектебі. Бұл жерде әр күн сынаққа толы. Курсанттар ел тыныштығын қорғауға әзір болу үшін өздерін физикалық, психологиялық және моральдық тұрғыдан шыңдайды. Түсірілім тобы болашақ офицерлердің бір күндік тірлігін көріп қайтты.
Курсанттардың күні ерте басталады. Таңғы сап түзеу – тәртіптің басы. Әркім өз орнын біледі, әрбір ісі есептеулі. Бұдан соң курсанттар оқу бағдарламасына көшеді. Олар әскери өмірдің негіздері мен тәртібін меңгеріп, тәжірибелік және теориялық сабақтар өтеді. Мұнда әр сабақ тек білім берумен шектелмейді – ол болашақ офицердің жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған.
БАХЫТ ҚАЛИЕВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ҰЛАН АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ОҚЫТУШЫСЫ:
- Біз алдымен Қазақстан Республикасының азаматы ретінде, сондай-ақ Ұлттық гвардияның әскери қызметшісі, жалпы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрамында өз міндетін атқара алатын тұлға ретінде қалыптастыруға бағытталған жұмыс атқарамыз. Сабақтар барысында біз тек теориялық білім ғана беріп қоймай, әрбір курсанттың физикалық және моральдық тұрғыдан дайын болуын қамтамасыз етеміз. Біз үшін тәртіп — барлық дайындықтың негізі, ол арқылы біз болашақ қорғаушыларымызды тәрбиелейміз.
Ату – курсанттар үшін ең маңызды әрі жауапты сабақтардың бірі. Бұл сабақ барысында олар қару-жарақпен жұмыс істеудің негіздерін меңгеріп, әскери дайындықтың негізгі элементтерін үйренеді. Теориялық бөлімде курсанттарға автоматтың құрылымы, оның бөлшектері мен жұмыс істеу принциптері толық түсіндіріледі. Сонымен қатар, қаруды қауіпсіз қолдану ережелері айтылып, оны жинау және бөлшектеу әдістері көрсетіледі.
ЖАНАР ИБРАЕВА, ТІЛШІ:
- Дәл қазір осы жерде курсанттар автоматты жинап, бөлшектеуді үйреніп жатыр екен. Осы секундомер арқылы біз тексеріп көрейік)
Практикалық бөлімде курсанттар ату алаңында қаруды қолдану дағдыларын жетілдіреді. Олар нысанаға дәл тигізуді, көздеу ережелерін және атыс жағдайында жылдам әрекет етуді үйренеді. Мұндай сабақтар курсанттардың физикалық төзімділігін, шоғырлану қабілетін және жауапкершілік сезімін арттырады.
Сонымен қатар, курсанттарды оқытуда арнайы әскери техниканың орны ерекше. Олар заманауи 3D жабдықтарды пайдалана отырып, күрделі маневрлер мен тактикаларды үйренеді. Бұл сабақтар курсанттарды шынайы әскери жағдайларға дайындайды.
ЖАНАР ИБРАЕВА, ТІЛШІ:
- Дәл қазір бізде БТР-80 бар, ол — жауынгерлік көлік. Курсанттарымыз емтихан тапсырғанда және өздерінің тәжірибе жинау барысында осында келіп үйрене алады. Жаңа айтып өткенімдей, емтиханды дәл осы жерде де тапсырады.
Ұрыстағы рота және ұшқышсыз басқарылатын аппараттармен жұмыс істеу – бүгінгі әскери қызметтің ажырамас бөлігі. Бұл сабақтар курсанттарға тактикалық шеберлікті арттыруға мүмкіндік береді.
Курсанттардың физикалық дайындықтары күн тәртібінің маңызды бөлігі. Олар күн сайын дене күшін арттырып, түрлі жаттығуларды мұқият орындайды. Себебі, нағыз мықты ЖАУЫНГЕР – тек физикалық тұрғыдан ғана емес, моральдық жағынан да берік болуы тиіс.
ҚУАНЫШ КЕНЖЕБАЕВ, 1-КУРС КУРСАНТЫ:
- Осы ұлттық ұлан академиясында үйірмелер бар оның бірі самбо, рукапашный бой және дзюдо бар. Осыларға қатысуға болады. Егер де сі нөл деңгейінен келсеңіз онда осында жүріп сіз 1,2 жыл қатысқан уақытыңызда сіз мастер спорта немесе кондидат мастер спорта алуыңызға болады.
Сонымен қатар, биыл курсанттар үшін жаңа казарма салынды. Ғимарат барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіліп, заманауи жиһаздармен жабдықталды. Арнайы жатын орындары мен шаш алатын, киім өтектейтін бөлмелер де бар. Спортпен айналысуға арналған бөлме ЖІГІТТЕРДІҢ физикалық дайындықтарын арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа казарма курсанттардың жайлы өмірін қамтамасыз етіп, оқу мен қызметке деген ынта-жігерін арттырады.