Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавлдағы балаларға әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болып, балғындарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Салтанатты іс-шара басталмас бұрын өңір басшысы нысанның ішін аралап шықты. Тағдыр тәлкегіне ұшыраған ұл-қыздарға жасалған жағдаймен танысты.
Дефектологтар, психологтар, тәрбиешілер, массаж жасайтын адамдар, аспаздар мен шаштараз. Мұндағы мамандардың барлығы білікті. Ұл-қыздарды ерекше жақсы көретін олар қызметтеріне асқан жауапкершілікпен қарайды. Ал жұмыс оңай емес. Әр баланың өзіндік ерекшелігі бар, әрқайсысына жүрек жылуын дарыта білу қажет.
Ғауез Торсанұлы бір емес, бірнеше бөлмеге бас сұқты. Барлығы мұнтаздай таза. Балаларға жайлы жағдай жасалған. Жаңа жыл қарсаңында орталық іші безендіріліпті. Көз тартарлық туындылардың біразын он саусағынан бал тамған қызметкерлер жасаған.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
- Осы ғимараттың сыртына үнемі назар аударып жүрдім. Жаздыгүні талай өттік, сонда маңайы тап-таза болды. Бірден білікті адам басқарып отырғанын түсіндім. Өмірбаяныңызды оқып шықтым, елдің патриоты екеніңізді ұғындым. Мұнда балалар өздерін үйдегідей сезінеді. Жарайсыздар!
Танысу барысында мекеме директоры Анжелика Айбатова өтінішін ортаға салды. Балаларға далада ойын алаңы керек. Бүгінде аса қажет жобаның нобайы әзірленген, тұрғызатын жер де бар. Жоспар бойынша 20 млн теңгедей ақша керек. Азаматшаның бұйымтайы жерде қалмайтын болды.
Орталық балалары Жаңа жылды асыға күтеді, Аяз ата арманды орындайтынына сенеді. Салтанатты шарада облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов мекеме ұжымы мен ұл-қыздарды алдағы мерекемен құттықтады, ізгі тілегін білдірді. Сыйлығын да табыс етті.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
- Баршаңызды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Әрқайсыңызға мықты денсаулық тілеймін. Осы таңғажайып мерекеде тілеген тілектеріңіз орындалсын. Жақсы оқыңыздар! Келер жылы ойын алаңын тұрғызып береміз. Далада асыр салып ойнайтын боласыздар.
Бүгінде Петропавлдағы балаларға әлеуметтік қызмет көрсету орталығында мүмкіндігі шектеулі және психоневрологиялық патологиясы анықталған 110 бала бар. Олардың 33-і осы жерде тұрып оқиды.