Өңірде жедел респираторлық-вирустық инфекцияны жұқтырғандар саны артты. Соңғы аптада облыста аурудың 3455 жағдайы тіркелді. Бұл өткен аптамен салыстырғанда 9%-ға көп. Эпидемиялық маусымның басынан бастап ЖРВИ-дің 39 965 жағдайы тіркелген. Науқастардың ең көп саны 14 жасқа дейінгі балалар. ЖРВИ мен тұмау ауруының негізгі белгілері: жоғары температура, жалпы интоксикация, әлсіздік, тамақ ауруы, мұрын бітелуі. Жұқпалы аурудың алғашқы белгілері байқалған кезде дереу медициналық көмекке жүгініп, дәрігер шақыру қажет. Ауруды таратпау мақсатында науқас баланы балабақшаға немесе мектепке жібермеген жөн. Асқынған жағдайда өкпе қабынуы мүмкін. ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу үшін: үй-жайды күн сайын желдету, қолды мұқият жуу, антисептик құралдарын пайдалану, адамдар көп жиналатын іс-шаралардан бас тарту немесе бетперде тағу, иммунитетті нығайту, спортпен шұғылдану және уақытында ұйықтап, тамақтану сапасын бақылау қажет.