Облыс әкімі Ойқала шағын ауданындағы Татьяна мен Владимир Илени отбасында болды. Көктемгі тасқын кезінде ерлі-зайыптының дүкеніне зақым келіп, тұрғындар оны қалпына келтіруге қатысты алаңдаушылық білдірген еді. Алайда мемлекет қажетті қолдау көрсетті, дүкен мен үйге жөндеу жүргізілді. Облыс бойынша жалпы тасқыннан зардап шеккен 100 кәсіпкер қаржылай көмек алды.

Көктемде үйі мен дүкенін су басқан қала тұрғыны Татьяна Илениді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Жаңа жыл мерекесімен құттықтай барды. Аймақ басшысы құр қол келмеді. Табиғи апатты бастан өткерген отбасыға қар тазалайтын жабдықты сыйға тартты.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

- Біз өзіміздің 107 шағын және орта бизнес өкіліне төлем жасадық. Соның ішінде сіздер де барсыздар. Ешкім назарсыз қалмады. Жұмыс Президентіміздің тапсырмасы аясында атқарылды. Мемлекет қолдауының арқасында осы күнге жеттік.

Ойқала ықшам ауданындағы үй мен дүкен жапсарласа орналасқан. Көктемде топан су белден асыпты. Сонысымен нысанға айтарлықтай залал келтірген. Ал бүгінде апаттың ізі де жоқ. Іске жауапты қараған мамандар сапалы жөндеу жұмысын жүргізіпті. Сауда бұрынғыдай жүріп жатыр. Облыс әкімі дүкен ішінде тындырылған шаруамен де танысты. Мұндағы қайта қалыпқа келтіруге мемлекеттен 5 жарым млн теңге бағытталыпты.

ТАТЬЯНА ИЛЕНИ, ПЕТРОПАВЛ тұрғыны:

- Мамырдың 16-сы күні комиссия келді. Сосын құжаттарымызды жинап, жауаптыларға өткіздік. Тиісті ақшамызды алдық. Қаржыға жөндеу жұмысы жүргізілді. Көктемдегі көрініс пен бүгінгі көріністі салыстыруға келмейді. Мемлекеттің қолдауы болмағанда аяққа тұруымыз қиын еді. Жәрдем берген Президентке, облыс және қала басшылығына алғыс айтамын.