"Petro-Puh" ЖШС – Қазақстандағы жүн-мамықты шикізат түрінде терең өңдеп, экспорттайтын алғашқы компания болып саналады. Кәсіпорын Петропавлда 2019 жылы ашылды. Бес жылдың ішінде Еуропа елдері және Қытаймен тиімді әріптестік орната білді. Өңірге жұмыс сапары аясында кәсіпорында Парламент Мәжілісінің депутаты Николай Арсютин болды.


 "Petro-Puh" серіктестігі нарықта бес жыл бойы жалғыз өзі жұмыс істеп келеді. Өнімдері шетелде де жоғары бағаланып, Еуропа мен Қытайға экспортталып жатыр. Кәсіпорын жұмысымен мәжілісмен Николай Арсютин де танысты.


НИКОЛАЙ АРСЮТИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

- Адамдардың өз жұмысына жауапкершілікпен қарайтыны және шикізатты қайта өңдеу керек екенін түсінетіндері қуантады. Біздің елде ет, тері және тағы басқа шикізаттар керекке жаратылмай, лақтырылып жатады. Сондықтан мен кәсіпорынды аралау барысында шынымен таң қалдым.


Мұнда автоматтандырылған неміс жабдықтары қолданылады. Бұл, жууға, сұрыптауға, сондай-ақ жүн-мамықты термиялық жоғары температурада өңдеуге мүмкіндік береді.


КОНСТАНТИН ВОРОНОВ – «PETRO-PUH» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

- Кәсіпорынды үлкейтуді жоспарлап отырмыз. Себебі, халыққа біздің тауарымыз қажет екенін көрдік. Елімізде жастықтар мен көрпелерге қажет шикізатты терең өңдеу мен тігудің бірде-бір өндірістік циклі жоқ.


Компания ұжымы шағын. Өндірісте жеті адам және тігін цехында бес адам жұмыс істейді.