Ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбеков облысқа жұмыс сапарымен келіп, полиция департаментінің нысандарын аралады. Сондай-ақ қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан полиция офицерінің жұбайына бір бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті.
Айдар Сайтбеков бірқатар бөліністердің қызмет атқару жағдайын және техникалық жарақтандырылуын тексерді. Ол азаматтардың құқықтарын қылмыстық қолсұғушылықтан қорғау жөніндегі міндеттерді орындау үшін материалдық-техникалық базаны нығайту қажеттігін атап өтті. Жедел басқару орталығында министрдің орынбасары цифрландыру деңгейімен, бейнебақылау жүйелерінің жұмысымен танысты. Полицейлер облыс орталығындағы тәртіпті 228 айналмалы және 192 стационарлық бейнекамераның көмегімен бақылайды. Бұдан бөлек, полицияның бейнебақылау жүйесіне 249 мектеп пен 54 балабақша, негізінен тұрғын үйлердің аулаларында орнатылған 626 бейнебақылау камерасы қосылған.
Министрдің орынбасары жұмыс сапары барысында Жамбыл ауданы ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары болған Ерік Оспановтың жесірі Аягөз Оспановаға барып қайтты. 2006 жылы жолдың қарсы бөлігіне шыққан мас жүргізуші оның автокөлігіне соғылып, апат салдарынан полиция қызметкері қаза тапты. Аягөз Сұңғатоллақызының жеке баспанасы жоқ, Петропавл қаласы полиция басқармасында тергеуші болып қызмет атқарып жүрген ұлы Жасланмен бірге ведомстволық жатақханада тұрады.
Жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен ішкі істер министрінің орынбасары қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полиция офицерінің жұбайына бір бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті.