Бүгін Петропавлда «Қандастар мен қоныс аударушыларға арналған ақпараттық түсіндіру орталығының» ашылу салтанаты өтті. Жауапты мамандар 6 ай бойы Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударғысы келген жандарға кеңес беріп, көші-қон процессі жайлы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.


Call-орталықтағы мамандар қоныс аудару жайын жоспарлап жүрген адамдардың сауалдарына телефон арқылы жауап беріп, түсіндірме жұмыстарымен айналысады. Мамандардың сөзінше жылдың соңына дейін 2900 ге жуық адаммен келіссөз жүргізіп, Солтүстік Қазақстан облысына көшіру жоспары бар.Оның 1400 ден астамы қазіргі уақытта өңірге келіп үлгерген.


ӘНУАР ТОҚПАН, «РУХ. ТІЛ. ЖАҢҒЫРУ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

- Бұл орталық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының тапсырысы бойынша орындалуда. Бұл орталық оңтүстіктен көшем деген, сырт мемлекеттерден көшем деген қандастарымызға көмек ретінде ашылып отыр. Бұл жерде екі маман болады. Телефондарға жауап береді. Жан-жаққа хабарласып қай жерде жұмыс орындары бар және СҚО жайлы баяндап түсіндіреді. Бос орындар жәрмеңкесіне қабылдаушы мекемелерге барып, және де осы жаққа қоныс аударып келген адамдармен жұмыс жасайтын боламыз.


Бурахан Дақанов 2021 жылы Жетісу облысынан өңірдегі Шал ақын ауданына қоныс аударған. Көшіп келгеніне 2 жыл өткен соң «Тәуекел» атты ұйым ашып, облыстағы қандастардың санын арттыру үшін жұмыс істеп жатыр.


БУРАХАН ДАҚАНОВ, «ТӘУЕКЕЛ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

- Жалпы мен осы көші-қонмен айналысып жүргеніме шамамен 2 жарым жыл болды. Азаматтық бастама ретінде. Осы көшіп келген азаматтардың басын қосып, олардың сұрауын сұрайтындай, керек болса көмектесетіндей бір «ТӘУЕКЕЛ» атты ұйым да құрғанбыз. Бұйырса осы жақын арада осы ақпараттық қызмет орталығына қолдау ретінде біз осы бүкіл СҚО игі жақсыларымен бас қосып бір сайттың ашылуын жасайтын боламыз.


Орталықтың қызметіне жүгіну үшін әлеуметтік желілердегі парақшаларына немесе ұялы телефондарына хабарласуға болады. Сондай-ақ, Петропавл қаласы Бостандық көшесі 51 мекенжайына келсе болады. Айта кетейік, 2024 жылға дейін осындай орталықтар мен бағдарамалар арқылы облысқа 10 мыңға жуық адам қоныс аударған.