Облыста жыл басынан бері ішек инфекциясын жұқтырудың 103 жағдайы тіркелді. Өңірдің санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті су тасқыны кезеңінде күшейтілген режимде жұмыс істеп, эпидемиологиялық жағдайды бақылауға алған. Жіті ішек инфекцияларымен және А гепатитімен сырқаттанушылық бойынша жағдай тұрақты. Су тасқынына байланысты өскен жоқ.


Облыста соңғы 3 ай ішінде А гепатитінің 3 жағдайы тіркелді. Мамандардың хабарлауынша сырқаттанғандар саны өткен жылғы көрсеткішпен бірдей. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ауыз суды күнделікті тексерістен өткізеді. Бүгінде 108 су құбыры бақылауда. Оның біреуі Қызылжар су кәсіпорнына тиесілі.


ӘСЕТ ЖҰМАТАЕВ, СҚО САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:

- Биылғы жылы 26 наруыздан бастап орталықтандырылған және ортлықтандырылмаған су жабдықтау көздерінен барлығы 595 сынама алынды. Оның 451-і теріс, 25 оң сынама анықталды. Оның 21-і санитарлық-химиялық көрсеткіштерге сәйкес келмейді.


Су тасқынына байланысты кейбір елді мекендердегі орталықтандырылған су құбырларында су ластанған. Сынама алу арқылы осындай 4 жағдай тіркелді. Су құбырларында дезинфекция жүргізілді. Кейін қосымша тексеріліп, су талаптарға сай болып шыққан. Енді тағы 142 сынама тексеріліп жатыр. Жалпы облыста тасқыннан 2000-нан астам үй су астында қалды. 14 мыңнан астам тұрғын эвакуацияланды. Өңірде қауіп әлі сейілген жоқ. Есіл өзенінің суы екінші рет көтеріліп жатыр. Тоқсан би гидрология бекетіндегі су деңгейі бір тәулікте 95 см-ге, ал Долматово елді мекенінің жанындағы өзен суы 20 см-ге жоғарылаған.


АСЛАН АХМЕТЖАНОВ, СҚО ТЖД БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

- Су тасқынының екінші толқынының келуіне байланысты қазір Ақмола облысындағы жағдай бақылауымызда. Әзірге су деңгейі 5 см-ге көтерілді. Тасқын су алдағы 7-10 күн ішінде Петропавлға жетуі мүмкін. Барлығы 5000-нан астам маман тасқынмен күресіп жатыр.


Облыстың басқа өңірлерімен салыстырғанда Қызылжар ауданындағы жағдай қиын. Тасқыннан зардап шеккендер саны болжағаннан көп болып отыр. 3 мыңнан астам отбасы эвакуацияланып, 8473 тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Оның 2064-і бала. Барлығы 22 елді мекендегі 16 ауылдағы 1301 үй су астында қалды.


 АЛМА НҰРҒАЛИЕВА, ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Бүгінде су тасқынына байланысты 5 топ құрылды. Олар тұрғындарды қабылдап, жан-жануарлар мен халықты қауіпсіз жерге көшіреді. Бірнеше күн бұрын Соколовкаға су кіріп, 2000-нан астам тұрғынға қауіп төнді. Жағдайдың күрделі болғаны сонша, өзеннің жайылма суы 100 адам көшірілген Налобинская орта мектебіндегі эвакопунктке жетті. Нәтижесінде тағы 5 жаңа пункт ашуға тура келді.


Мамандардың мәлімдеуінше Қызылжар ауданында Есіл өзені су деңгейінің көтерілуі тоқтады. Бірнеше күн ішінде тіпті төмендеуі мүмкін. Дегенмен тасқынының екінші толқынының келуінен Сергеев су қоймасындағы су бүгін 5 см-ге жоғарылады.