Облысымызда түрлі саланы меңгеріп, ерлермен иық тіресе жұмыс істеп жүрген әйелдер қауымының қарасы қалың. Келесі бейнематериалымыз ауыр машина жасау зауытында еңбек етіп жүрген аруларға арналмақ. Өн бойында төзімділікпен қатар нәзіктікті де үйлестіре білген жандармен арна тілшілері жүздесіп қайтты.


 Алма Әскерқызы – Петропавл ауыр машина жасау зауытының маманы. Биыл бұл салада қызмет етіп жүргеніне 20 жыл болған. Негізгі міндеттерінің бірі резеңке мен полимерлі материалдарды өңдеу. Мұндағы көлік бөлшектерінің массасы 12 келіге дейін жетеді. Жұмыс жеңіл емес. Екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс.


 АЛМА ИМАНБЕТОВА, «ПАМЖЗ» АҚ МАМАНЫ:

- Жұмыс орнымызға келеміз таңертең тұрып бәрін тексереміз. Резинаны өңдейміз. Өзіміз қауіпсіздік техникасын қадағалаймыз. Әрине қауіпсіздік шараларын қадағалаймыз.


 Ал Наталья Майкенова кран жүргізушісі болып 7 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Алып техниканы басқаратын әйелдің мойынына үлкен жауапкершілік жүктелген. Тепе-теңдікті сақтап, іске мұқият болған жөн.


НАТАЛЬЯ МАЙКЕНОВА, КРАН ЖҮРГІЗУШІСІ:

- Жұмысым екінші үйімдей. Көп уақытым осы жерде өтеді. Қиын ештеңесі жоқ. Әріптесіңнің белгі бергенін күтіп, кейін тетікті басасың. Жүктерге мұқият болу керек. Көбіне қаңылтырлармен жұмыс істейміз.


Күнделікті күйбең тіршіліктен кейін кейіпкерлеріміз үйлеріне асығады. Себебі қос қызметкердің бірі отбасында асыл әже болса, енді бірі аяулы ана.


АЛМА ИМАНБЕТОВА, «ПАМЖЗ» АҚ МАМАНЫ:

- Үйде балаларымды қатты жақсы көремін. Балаларым, немерелерім менің жүрегім. Екі күн демалысымда кездесеміз бәріміз. Бауырсағын, ет нанын пісіріп беремін.


 НАТАЛЬЯ МАЙКЕНОВА, КРАН ЖҮРГІЗУШІСІ:

- Бос уақытымды жақындарыммен өткізгім келеді. Отбасым бар байлығым. Бірге дүкен аралаймыз, сөйлесеміз. Осының өзі бақыт.


Өндірістегі жұмыс жеңіл емес. Зауыт басшылығы да өз қызметкерлерінің ауыр еңбегін бағалайды. Санаториялық демалыс орындарына да жолдама беріп тұрады.


Наталья Аитова