Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында 5 жыл ішінде қалалар мен ауылдарды 100 пайыз таза сумен қамтамасыз етуді тапсырды. Ұлттық жоба аясында облысымыздың Есіл ауданында тұрғындардың 88 пайызы, 53 елді-мекеннің 32-сі сапалы сумен қамтылды. Бұл туралы аудан әкімі Мереке Мұхамедияров брифингте мәлімдеді.


Су ресурсының тапшылығы ел экономикасы құлдырауының негізгі себептерінің бірі болып отыр. Елді-мекендерді әлеуметтік-экономикалық жағынан дамытамыз десек, алдымен ауыз су мәселесі толығымен шешілуі тиіс. Бүгінде Есіл ауданы тұрғындарының 11 пайызы ұңғымалардағы суды пайдаланып отыр. Бұл мәселені шешу үшін бірнеше жоба қолға алынған. Амангелді ауылын Преснов топтық су құбырына қосу үшін 11 млн теңге қаржы жұмсалды. Енді «Солтүстік Қазақстан облысында 3 кезектегі Преснов топтық су құбырын салу» жобасының құжаттары дайындалып жатыр. Нәтижесінде 6 мыңнан астам адам таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі деп жоспарланған.


 МЕРЕКЕ МҰХАМЕДИЯРОВ, ЕСІЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

-  Біз жобалық-сметалық құжаттаманы дайындадық. Соған сәйкес ұзындығы 157 км су құбырын 13 ауылға жүргізу жолпарланған. Жалпы саны 500 адамнан асатын 8 шағын елді-мекенде кешенді блок модульдер орнату керек. 2025 жылдың қыркүйегіне дейін 21 мыңнан астам тұрғын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі.


 Ауданда 3 негізгі өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейді. Олар: «КазРосРесурс», «Солтүстік Қазақстан металлургиялық компаниясы», «Егін» ЖШС. Өнеркәсіптік өндірістің көлемі соңғы 10 айда 7 млрд теңгеден асқан.


 МЕРЕКЕ МҰХАМЕДИЯРОВ, ЕСІЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

-  «Еңбек» бағдарламасына қатысушыларын техникалық және кәсіби біліммен және қысқа мерзімді оқумен қамтамасыз ету» бірінші бағыты бойынша 16 млн теңгеден астам жалпы сомасына 16 адам жолданды. «Жалпы кәсіпкерлікті дамыту» екінші бағыты бойынша 19 млн. теңгеден астам жалпы сомасына 14 грант және жалпы сомасы 34 млн теңгеге жастар үшін 7 несие берілді. 


Бүгінде Есіл ауданында 20 мыңнан астам тұрғын бар. Биыл 30 отбасы еліміздің оңтүстігінен көшіп келген. Сондай-ақ 14 қандас қоныстанды.