Солтүстік Қазақстан облысында орақ науқанын қызған шағы. Қазіргі таңда өңірдің шаруалары әр ашық күнді тиімді пайдаланып, алтын астықты қамбаға уақытылы құйып алуды мақсат етіп отыр. Алайда, қолайсыз ауа райы көптеген қиындықтар тудыруда. Аққайың ауданында егін жинау қалай жүріп жатыр? Әріптесімнің сюжетіне зер салайық.


 Аққайың ауданына қарасты «Астараханское» серіктестігінің меншігінде 7 мың гектар жер бар. Негізінен дәнді және майлы дақылдарды егеді. Биыл жаздың ыстық болуына байланысты астық тез жетілді. Сондықтан серіктестік орақ науқанын ерте бастап кеткен. Алайда тамыздың ортасында басталған толассыз жауын егінді ысырапсыз жинап алуға мүмкіндік бермеуде. Қазір диқандар әр ашық күнді тиімді пайдаланып жатыр. Бүгінде шаруашылықтағы орташа өнімділік гектарынан шамамен 20 центнерді құрап отыр.


ЖАНАРХАН МӘПЕНОВ, «АСТРАХАНСКОЕ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

-  Басында зерносмесь, горох содан кейін кішкене жауды. Енді бидайды жинап жатырмыз. 20 пайызы қалды. Алла жазса ойлаймыз уақытында бәрін жинап бітіреміз деп. 6 комбайн бізде жүр. Сосын МТЗ техникасы, қытайдың техникалары да бар. 


 Жиналған астық бірден элеваторға жөнелтіледі. «Смирнов элеваторы» серіктестігі шамамен 100 мың тоннаға дейін қабылдауға қауқарлы. Серіктестік шаруаға тамыздың 14-і күні кіріскен. Осы уақыт аралығында 31 мың тоннасы жеткізілген. Жалпы күніне 1500-2000 тонна әкелінеді екен. Мұнда астықтың сапасын анықтайтын зертхана да жұмыс істейді.


ВЛАДИМИР НЕПУШКИН, «СМИРНОВ ЭЛЕВАТОРЫ» ЖШС ӨНДІРІСТІК-ТЕХНИКАЛЫҚ ЗЕРТХАНАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

-  Ешқандай проблема туындап жатқан жоқ. Жеткізіліп жатқан астықтың 90%-і - 3 класты. 4 класты бидай да бар. Әзірге астықтың сапасы жақсы. Кейбір диқандардың ала жаздай баптап өсірген егіні судың астында қалғанын естідік. Жағдай қиын. Бізде олармен бірге жұмыс істейтін боламыз. Барлығын кептіріп, аман алып қалуға тырасатын боламыз.


 Жалпы, Аққайың ауданы бойынша егіс алқаптарының ауданы шамамен 220 мың гектар. Бүгінде дәнді дақылдардың 40% -і орылды. Орташа өнімділік гектарынан небәрі 12 центнерді құрап отыр.


ОРАЛБЕК ӘУБӘКІРОВ, АҚҚАЙЫҢ АУДАНДЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ВЕТЕРИНАРИЯ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

- Ауданда 208 шаруашылық субъектісі жұмыс істейді. Оның 57-сі - ЖШС. Бүгінде олардың барлығы егін жинау науқанына кіріскен. Қолайсыз ауа райы қиындық тудырып жатқаны рас. Дейтұрғанмен, жақсы өнім жинап, тапсырманы орындаймыз деген сенімдемін. 


 Ауа райы қолайлы болған жағдайда Аққайың ауданының шаруалары егін жинау науқанын 25 қыркүйекке дейін толық аяқтауды жоспарлап отыр.