Петропавл ауыр машина жасау зауыты жаңа басшылықпен қайтадан жаңғыра түсті. Аталған кәсіпорынның тапсырысы бүгінде 10 млрд теңгеден асқан. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша бұл сома небәрі 300 миллионды құрады. Өндірістегі өзгерістермен бүгін облыс әкімі Айдарбек Сапаров барып танысып қайтты.
Соңғы 8 жылда Петропавл ауыр машина жасау зауыты тек мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істеді. Зауытқа жаңа басшылық келген соң, кәсіпорынның жұмысына да өзгерістер енгізілді. Енді кәсіпорын жұмысы азаматтық өндіріске бағытталып, тендерлерге қатысуға мүмкіндік алды. Қазіргі уақытта кәсіпорын ұжымы "ҚазМұнайГаз" еншілес компаниясымен ұңғымаларды жөндеуге арналған 20 аппаратты жеткізуге шарт жасасқан. Оның 5-еуі күні ертең жөнелтілмек.
АРМАН ҚҰЛМАҒАМБЕТОВ, «ПЕРОПАВЛ АУЫР МАШИНА ЖАСАУ ЗАУЫТЫ» АҚ БАС ДИРЕКТОРЫ:
- Біз бұл процесті бір жолға қойып, мамандар даярладық. Тапсырыстарды уақытында орындаймыз деп сенімді түрде айта аламыз. Сондай-ақ, біз теміржол вагондарына қажетті бөлшектерді де ұлғайттық. Сондай-ақ, автоілмектерді өзімізде шығаруды жоспарлап отырмыз. Барлық жұмыстар қызу жүргізіліп жатыр. Қазір цистерналар арнайы тексерістен өткізіліп жатыр. Жасалып жатқан бірқатар жұмыстар бар. Алайда, арнайы сертификат пен лицензия алмағанша оларды жария ете алмаймыз.
Кәсіпорынның өндірісі ғана емес, жұмысшылардың саны да ұлғайған. Бүгінгі таңда Петропавл ауыр машина жасау зауытында 500-ден астам адам еңбек етеді. Өндіріс қарқынының өсуімен жұмысшылар саны бұдан да көбейеді деген жоспар бар. Алдағы уақытта кәсіпорын басшылығы тағы мыңға жуық адамды жұмысқа алуды жоспарлап отыр. Ол үшін облыстағы колледждермен де тығыз байланыс орнатпақ. Әлеуметтік жауапкершілік де жақсарған. Жұмысшалардың медициналық сақтандыруы мен арнайы шипажайларда демалуы серіктестік есебінен төленеді. Оған қоса, тамыз айынан бастап жалақы мөлшері де артпақ.
ВАЛЕРИЙ ВАСИЛЬЕВ, «ПЕТРОПАВЛ АУЫР МАШИНА ЖАСАУ ЗАУЫТЫ» АҚ КӘСІПОДАҚ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
- Бұрын мұндай жеңілдіктер болмаған. 2011 жылдан бері санаториялық-курорттық аймақтарға ешкімді жіберген жоқпыз. Биыл 11 адам шипажайда демалды. Жұмысшылардың қуанышында шек жоқ.
Кәсіпорын ұжымының өндірісті кеңейту бойынша жоспарлары ауқымды. Олар Петропавл ЖЭО-мен, ауылшаруашылық тауар өндірушілерімен және солтүстік өңірдің басқа да кәсіпкерлерімен ынтымақтастық орнатуға ниетті. Алайда, жергілікті атқарушы органдардың қолдауынсыз бұл мақсатқа жету қиындау болып тұр.
АЙДАРБЕК САПАРОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
- Тапсырысты 10 есеге арттырып,адамдарды жұмыспен қамтамасыз етіп отырсыздар. Өте үлкен жұмыс атқарып жатырсыздар. Әкімдік тарапынан біз сіздерге қолдау көрсетуге дайынбыз.
Алдағы уақытта зауыт басшылығы өз қызметкерлеріне арнап жатақхана салуды да жоспарлап отыр.