Өңірде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, құқық бұзушылықтарды анықтау және алдын алу мақсатында жаңа технологиялар қолданылып жатыр. Қазір облыста тек бейнекамералардың ғана 32 мыңы жұмыс істейді. Бұл туралы облыстық полиция департаменті өткізген баспасөз мәлихатында айтылды.


Соңғы жылдары өңірімізде «қолжетімді полиция» қағидаты жақсы деңгейде жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында осыдан бірнеше жыл бұрын облыс орталығында «SOS батырмасы» шұғыл шақыру жүйесі пайда болды.


 АЙДЫН ҚАБДҰЛДИНОВ, СҚО ПД БАСТЫҒЫ:

- «Дабыл бірден жедел шара қолдану үшін Жедел басқару орталығына түседі. Қазір облыс орталығында осындай жеті дабыл түймешесі жұмыс істейді. Олар өз нәтижесін беріп жатыр. Жеті шақырту түсті, соның бірі – Н.Назарбаев көшесінде орналасқан «Северный» супермаркеті маңында зергерлік бұйымдарды тонауға қатысты. Қылмыс ізі суымай ашылды.»


 Полицияға смартфонға орнатылған «102» мобильді қосымшасы арқылы да хабарласып, көмек сұрауға болады. Ол арқылы Жедел басқару орталығына аудио, бейнебайланысқа шығуға мүмкіндік бар, сондай-ақ қылмысты немесе құқық бұзушылықты фотоға түсіріп, жіберуге болады. Қосымша іске қосылғалы оны мыңнан астам адам қолданған. Нәтижесінде, заңды бұзған 513 адамға әкімшілік хаттама толтырылды.


АЙДЫН ҚАБДҰЛДИНОВ, СҚО ПД БАСТЫҒЫ:

- «Қоғамдық тәртіпті сақтауда бейнебақылаудың берері мол. Бұл – әлемдік тәжірибе. Былтыр көше камераларының көмегімен 163 қылмыс ашылды, 20 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Қазіргі уақытта СҚО-да 32 мың бейнекамера бар, оның 7 мыңға жуығы Жедел басқару орталығының жүйесіне қосылған. Ұлттық жобаны жүзеге асыру барысында биыл тағы 1244 бейнекамера осы жүйеге қосылмақ. Сондай-ақ Петропавлда 643 бейнекамераны орнату жоспарланған.»


 Бұдан басқа Жедел басқару орталығына мектеп, балабақша, колледждер мен университеттің бейнекамераларын қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы күнге дейін 218 нысанның 3,5 мыңнан астам бейнекамерасы қосылды.



Нұрбол Балғабеков