Негізгі Жаңалықтар Омартадағы табыс және ара селекциясы

Омартадағы табыс және ара селекциясы

Тамыз айы ара өсірушілер үшін бал жинау науқанын қорытындылап, ара ұяларын қысқа дайындайтын маңызды кезең. Қызылжар ауданында қазір балдың соңғы кезеңдері тартылып жатыр. Омарташылардың айтуынша, биылғы маусым өте берекелі болды. Дегенмен, мол өніммен қатар ара аурулары мен ұялардың әлсіреуі сияқты қауіптер де жоқ емес. 

Ара өсіруші үшін тек гүлді алқапты табу жеткіліксіз, бал жинаудың қысқа мерзімін тиімді пайдаланып қалу маңызды. Кейбір өсімдіктер санаулы күнде гүлдеп бітсе, енді бірі бірнеше апта бойы шырын береді. Сол себепті жаз бойы омарташылар ұяларды гүлдеу кезеңіне қарай бір өсімдіктен екіншісіне тасымалдап отырады. Жиналған балдың көлемі де, оның түсі, хош иісі мен дәмі де осыған байланысты. Бұл омартада 150-ге жуық ара ұясы бар. Биыл олар 10 тоннаға жуық бал берген. Тек бір келі бал жинау үшін аралар миллиондаған гүлге қонады. Жиналған шырындарды жәндіктер артық ылғалдан арылтып, дайын балды балауызбен сүрелейді. Биыл аралар эспарцет, түйежоңышқа және рапстан кейін дала гүлдері мен күнбағыстан шырын жинап үлгерді. Жәндіктер далада жұмысын жалғастырып жатқанда, омарташылар жиналған өнімді бағалап, ұяларды дайындайды.

СНХР: ОЛЕГ ГАВРИЛОВ, СҚО АРА ӨСІРУШІЛЕР АССОЦИАЦИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ

Жумысшы ара орта есеппен 30 күндей өмір сүреді. Осы уақыт ішінде ол бірнеше міндетті атқарады. Алдымен дернәсілдерді бағады, содан соң балауыз ұяшықтар соғады, ұяны қорғайды, соңында барып шырын жинауға ұшады. Ал аналық ара бірнеше жыл өмір сүреді және ұядағы жаңа ұрпақтың таралуына жауап береді. Бүгінде солтүстікқазақстандық ара өсірушілер жергілікті климат пен қысқа төзімді аналық араларды өздері шығарумен айналысады. Дегенмен, араларды сақтап қалу мәселесі тек селекциямен шешілмейді. Негізгі қауіптің бірі варроатоз ауруы. Ол ара ұясын әлсіретіп, емдемесе, оның жойылуына әкеп соғады. Сондықтан ауруды ерте анықтау өте маңызды. Бұл орайда заманауи технология көмекке келеді. 

СНХР: НАТАЛЬЯ ДЕНИСОВА, BEE-VISION ЖОБАСЫН ДАЙЫНДАУШЫ

Әзірге «ақылды ұя» шағын жұмыс макеті түрінде ғана бар. Оны жасауға құрастырушылар 80 мың теңгедей жұмсаған. Шағын бюджетке қарамастан, жоба республикалық байқауда бірінші орынды иеленді. Енді авторлар макеттен нақты омарташыларға арналған толыққанды жүйеге көшкісі келеді. Ол үшін қаржыландыру қажет. Қазіргі нұсқада толық жабдықталған бір ұяны жасауға 1 миллион теңгеге жуық қаражат кетеді. Ал өндірісті ауқымды етіп, құрылғыларды бірден көп ұяға орнатса, бір ара ұясына шаққандағы баға төмендейді. Қосымша қаражат жабдық сатып алуға, құрылымды жетілдіруге және сынақтар жүргізуге керек.

СНХР: ТАТЬЯНА КУЗНЕЦОВА, BEE-VISION ЖОБАСЫН ДАЙЫНДАУШЫ

Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында 1000-ға жуық адам ара шаруашылығымен айналысады. Сондықтан өңірде бал өндірумен қатар, бұл істі кәсіпке айналдырғысы келетіндерді оқытуға да басымдық беріледі. Ара өсірушілер мектебінің студенттері тәжірибеден өтіп, омарташылардың қыр-сырын тікелей далалық жағдайда меңгереді. Тәжірибелі мамандар араларды қыстауға дайындап жатқанда, жас мамандар қолданбалы дағды жинайды. Осылайша өңірде дәстүрлі кәсіп пен жаңа технологиялар қатар дамып келеді.


Бөлісу

Аймақтық телеарналар