Солтүстік Қазақстан облысы еліміздің өндірістік және инвестициялық хабы ретіндегі мәртебесін нығайтып келеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңір әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов мәлімдеді. Аймақта жалпы құны 894 млрд теңгені құрайтын 51 жоба жүзеге асырылып, өндіріс көлемі 1,5 есеге артқан.

Соңғы екі жылда өңірдің өнеркәсіптік өндіріс көлемі 1,5 есеге ұлғайған. Кәсіпорындардың тапсырыс портфелі де өсіп, 210 млрд теңгеден 300 млрд теңгеге жетті. Бұл өсімнің негізгі драйвері — өңдеу өнеркәсібі. Өңірдегі жалпы өндірістің 86 пайызы дәл осы салаға тиесілі. Айқын мысалдардың бірі — «ЗИКСТО» ЖШС жаңа зауыты. Мұнда жолаушылар вагондары мен платформалар өндіріледі. Жобаның құны — 24,3 млрд теңге, ал кәсіпорынның қуаттылығы жылына 3 200 вагон шығаруға мүмкіндік береді.

СНХ: ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ — СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ


Солтүстік Қазақстан облысы ауылдық аудандарды жаңа инвестициялар мен заманауи технологиялардың тартымды орталықтарына айналдырып келеді. «Қызылжар» арнайы экономикалық аймағының географиясы кеңейіп, Тайынша және Ғабит Мүсірепов аудандарында екі жаңа субзона ашылды. Тайынша ауданы Қытай инвесторларымен он жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді. Ал екінші субзона ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге және экспортқа бағытталған.

СНХ: ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ — СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ


Өңірде отандық инвесторлар да белсенді жұмыс істеп келеді. Кәсіпкер Дмитрий Шарапаев саңырауқұлақ өсіретін ферма мен компост өндіретін зауыт ашуды қолға алған. Сонымен қатар «Техноэкопарк» атты экологиялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Онда тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын кешен және оларды қайта өңдеп, екінші реттік шикізатқа айналдыратын өндіріс іске қосылмақ.