Домбыра - халқымыздың ғасырлар бойғы серігі, киелі қазынасы. Жыл сайын шілденің алғашқы жексенбісіне келетін “Ұлттық домбыра күні” ұлтымыз үшін орны ерекше мереке. Атаулы күнге орай өңірдегі «Qyzyljar art» орталығында қазақтың күйлері тартылып, әсем әндері шырқалды.


Нағыз қазақ, қазақ емес, нағыз қазақ - домбыра. Төл аспабымыз арқылы халқымыздың мәдениетімен, салт-дәстүрімен танысуға болады. Осы орайда ұлттық мұрамызды ұлықтау мақсатында “Qyzyljar art” орталығында домбыра күніне орай мерекелік концерт ұйымдастырылды.


РОЗА ШӘКЕНОВА, “AMANAT” партиясы СҚОФ консультанты:

- Айтулы мереке 2018 жылдан бері тойланып келеді. Содан бастап біз жыл сайын “Домбыра Party” атты мерекелік концерт ұйымдастырып тұрамыз. Бұдан басқа қоғамдық көліктерде де өнерпаздарымыз адамдарға небір күйлерді тартып беріп, көңіл күйлерін көтереді.


Іс-шараға барлығы - 30-ға жуық адам қатысты. Сондай-ақ, осы күні өңірімізде ұлттық аспапты дәріптеп жүрген бір топ жан марапатталды. Соның бірі - қалалық полиция басқармасы уақытша ұстау изоляторының қызметкері Раушан Баймұқанова. Қос ішекті аспаптың құлағында ойнап, төл өнеріміздің насихаттап жүргеніне 30 жылдан асыпты.


РАУШАН БАЙМҰҚАНОВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

- Домбыраны 3-ші сыныптан бері тартып келемін. Әлі есімде әке-шешем осы аспапқа қызығушылығымды байқап, 23 сомға домбыра әперген болатын. Содан бастап бірнеше байқауға қатыстым.


Мерекелік кеште 20-дан астам туынды орындалды. Келген көрермен рух көтерер күй тартып, би билеген жеткіншектердің өнеріне тәнті болды. Фестивальде өнер көрсеткендердің бірі - Бекарыс Әділжан. Ол дүйім жұртқа Мұқағали Мақатаевтың "Сенің көзің" атты әнін орындап берді.


БЕКАРЫС ӘДІЛЖАН, Е.АСҚАРОВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ АҚЫНДАР МЕКТЕБІНІҢ ШӘКІРТІ:

- Домбыра тартып келе жатқаныма 7 жыл болды. 4 жылдан бері айтысқа қатысамын. Барлық солтүстікқазақстандықтарды айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын.


Көшпелі елдің көнекөз шежіресі саналатын домбыраның тарихы тереңде жатыр. Ресми деректерге сүйенсек, музыкалық аспап осыдан 2 мың жыл бұрын жасалыпты. Бірақ, оның қай жерде және кімнің әзірлегені әлі күнге дейін белгісіз.