Облыс әкімі Айыртау ауданындағы Айғаным қонысын аралады. Бұдан бөлек, аймақ басшысы туризм саласының мамандарымен кездесті. Ауданда осы саланы дамытып, туристер үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында бірнеше жоба жүзеге асырылып жатыр. 


Айыртау ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Сырымбет ауылында орналасқан Айғаным қонысын аралады. Мұнда саналы ғұмыр кешіп, артына өшпес мұра қалдырған қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлихановтың балалық шағы өтті. Тарихи нысанда құнды жәдігерлер мен көне экспонаттар сақталған. Ал қоныс 12 бөлмеден тұрады.


Нұргүл Құлбаева, Ш.Уәлиханов атындағы Сырымбет тарихи-этнографиялық музей директоры:

- Жабдықталып жатыр. Өздеріңіз көріп отырғандарыңыздай, жиһаздар, жиһаздардың беттерінде әдемі, бағалы аңның терілері жабылып жатқан. Еденде сол кезде керемет парсы Ташкент кілемдері жабылып жатқан. Ана бұрыштағы өзіңіз көріп тұрған ол Шоқан Уәлихановтың бюсті. Ағайынды Поповтар 150 жылдыққа арнайы осы сыйға тартқан болатын.


Бұдан соң облыс әкімі туризм саласының мамандарымен кездесті. Айыртау ауданы Солтүстік Қазақстан облысындағы үлкен туристік әлеуетке ие аудан. Жыл сайын курорттық аймаққа Қазақстаннан бөлек, шекаралас аймақтардан да мыңдаған адам келеді. Тек былтырғы жылдың өзінде демалуға келген туристер саны 154 мыңға жеткен. Десе де, инфрақұрылым бойынша шешілмеген мәселе тізбегі аз емес.


Ғауез Нұрмұхамбетов, СҚО әкімі:

- Бүгінгі таңда жолдар, инфрақұрылым бойынша сұрақтар бар. Бұл мәселе қанша жыл бойы шешілмей келеді. Биылғы жылы ауданда 4 жоба пысықталып жатыр, 800 миллион қаржы құйылды. 4 жоба бойынша барлығы 23 км-дің 12 шақырымын жасаймыз, қалғанын келесі жылы аяқтаймыз. Яғни, Шалқар мен Имантау көлдерінде орналасқан барлық демалыс базаларында жол құалыпқа келтіріледі. 2 жыл ішінде мен барлық жолдарды жасалуы керек. Келесі жылы энергетика саласына көңіл бөлінбек. Жобаны дайындаймыз.


Туризм саласының мамандары аймақ басшысына перспективалы жобаларын ұсынды. Кәсіпкерлер заман талабына сай демалыс орындарын салып, туристерге бар жағдай жасап жатыр. Мысалы, кәсіпкер Талғат Нышанбаев «Қазығұрт» демалыс аймағын кеңейту бойынша істі қолға алған. Бұл қызмет көрсету сапасына оң әсерін тигізбек.


Талғат Нышанбаев, демалыс орнының директоры:

- Әрі қарай қонақ үй кешенінің құрылысын дамытуды жоспарлап отырмыз. Екі қабатты кешен, бірнеше бөлмелер болады. Дәретхана нысанның ішінде орналасқан, барлық жағдай жасалады. Үйлер діңбарлығы абаттандырылған. Біздің демалыс аймағымыз жыл бойы жұмыс істейді.


Имантау-Шалқар курорттық аймағын дамыту бойынша бірнеше жоба әзірленген. Туристер үшін заманауи глэмпингтер мен эко қонақ-үйлер салынып, автокөлік керуенін дамыту жоспарланып отыр.


Ляззат Салықова, демалыс орнының директоры:

- Бұл жердің табиғаты тамаша. Ал біз өз кезегімізде жақсы демалыс үшін туристерге бар жағдайды жасауымыз керек. Адамдар шетелдерден де келіп жатыр. Ең бастысы, барлық жағынан қолайлы жағдай жасау. Біз өз қаражатымыздан жолдарды жасап, электр энергиясын тарттық. Барлығын өзіміз өткіздік.


Айта кетейік, бүгінгі күні Айыртау ауданда 245 млн. теңге сомасына 5 жоба іске асырылған. Тағы 833,2 млн. теңгеге 11 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, 2 млрд. теңге сомасына 9 демалыс базасын ашу, жаңғырту және кеңейту жоспарлануда.