Облыста санаулы күннен кейін шомылу маусымы басталады. Биыл өңірдің өзен-көлдерінде 60 орын суға түсуге жарақтандырылды. Бұқаралық демалыс орнының алтауы – коммуналдық меншікте, қалған 54-ін жеке кәсіпкерлер жалға алған. Жалпы өңірде соңғы 10 жыл ішінде 216 адам суға батып кетті, оның 34-і бала. Ал өткен жылы 5 адамның ажалы судан болған. Бұл туралы ТЖД мамандары өңірлік коммуникациялар алаңында мәлімдеді.


Елімізде соңғы 5 ай ішінде 12 адам суға кетіп, көз жұмған. Ал облыста жыл басынан бері мұндай жағдай тіркелмеген. Дегенмен «Сақтансаң – сақтайды!» - демекші, мамандар қауіпсіздік жұмыстарын қазірден қолға алған.


МҰРАТ ҚАНҒОЖИНОВ, СҚО ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Өткен шомылу маусымында елімізде 177 адам суға батып кетті. Оның 53-і бала. Казгидромед мамандарының мәлімдеуінше маусым айында күн жылынады. Сәйкесінше балалардың су айдындарына барып, шомылғылары келері сөзсіз. Сондықтан оларға бас-көз болуларыңызды сұраймыз! Мамандар эвакуациялық пунктерге барып, тасқыннан зардап шеккен отбасыларға да түсіндіру жұмыстарын жүргізетін болады. Таныс емес су айдындарынада шомылуға тыйым салынады. Бастысы балалар ата-ана қарауынсыз қалмауы тиіс!


Казгидромед мамандарының мәлімдеуінше мамыр айының соңына дейін ауа-райы жауын-шашынды болмақ. Сондай-ақ, найзағай мен бұршақ, 28м/с-қа дейін желдің ұйытқуы күтіледі.


НАТАЛЬЯ ЛЕВИНА, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК СҚОФ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Түнде ауа температурасы +1-5 градус, таңертең -3 градус болмақ. ал күндіз +13-18- градусқа дейін жылы болмақ. Ал маусым айында ауа-райы күрт өзгереді. Температура түнде 4-9-дан 17-22-ге дейін, ал күндіз 14-19-дан 24-29-ға дейін көтерілуі мүмкін.


Оқушылардың жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздігі де басты назарда. Осыған орай алдын-ала түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп жатыр. 6 мыңнан астам бала қала сыртындағы лагерде демалады.


МАФРУЗА НАУАНОВА, СҚО БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

- Биыл жазғы демалыс кезінде оқушылардың 94 пайызын қамту жоспарланып отыр. Білім алушылардың тұрғылықты мекен-жайына сай 30 қосымша білім беру ұйымы, 25 аула клубы жұмыс істейДІ. барлығы 46 714 баланы қамту жоспарда. Сондай-ақ, оқушылар сарайында Жазғы Академияға 2 мың бала қатысады. Балаларды жазғы демалыс кезінде мейлінше мұқият болуға шақырамыз. Өрт және шомылу маусымындағы қауіпсіздік ережелері үнемі назарларыңызда болсын!


Шомылу маусымына байланысты өңірдегі оқу орындарында 20000-нан астам адамды қамтитын 118 интерактивті сабақ өткізілді. Халықпен 218 жиын, судағы қауіпсіздік жайында 95 акция ұйымдастырылды. 275 бала жүзу сабақтарына қатысты.