Облыс әкімі Айдарбек Сапаров кезекті қоғамдық қабылдау өткізді. Бұл жолы аймақ басшысына тұрғындар 4 мәселемен жүгінді. Ол қандай мәселелер? Әріптесімнің сюжетінде.


Тоты Тұрысова Қызылжар ауданы Тепличное ауылындағы мәселені көтерді. Нәзікжанды елді мекендегі әр үйге тіршілік көзі жеткенін қалайды. Маңызды іспен жергілікті билік былтырдан айналысуда. Бірақ, әлі нәтиже жоқ. Бұған ауылдықтар қапалы.


ҚУАНДЫҚ ШАҚУБАЕВ, Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:

-Тепличное ауылындағы үйлерді сумен қамту бойынша әзірленген жоба қазір сараптамадан өткізіліп жатыр. Тағы бір жоба болады. Ол әзірге дайындалуда. Бұл жұмысты қазанда аяқтауды жоспарлап отырмыз.


Тиісті шаруа күздің ортасында аяқталғанымен, тұрғындарға тіршілік көзі бірден тартылмайды. Заң бойынша конкурс жариялау керек. Содан кейін ғана жұртшылық күткен жұмыс басталады. Айдарбек Сапаров аудан басшылығының жайбасарлығын сынға алып, орынбасары Сәтжан Аблалиевке мәселені біржақты етуді тапсырды. Ал Әбділқасым Тілләбеков Уәлиханов ауданынан келіп отыр. Ғылымға жақын азамат жемшөп саласына көңіл бөліп, малға аса пайдалы азық өсіргісі келеді.


ӘБДІЛҚАСЫМ ТІЛЛӘБЕКОВ, Уәлиханов ауданының тұрғыны:

-  Расторопша деген шөп бар. Оны пішендемеге қоссақ, бауыр құртын болдырмайды. Оның өзіндік құны да өте төмен.


Азамат мұны өзінің бизнес-жоспарында көрсетіпті. Ал жобаны жүзеге асыру үшін 1 млрд 338 млн теңге ақша керек. Аймақ басшысы жемшөп өндірісінің маңыздылығын айта келе, Әбділқасым Тілләбековті аграрлық саланы қаржыландыратын ұйымдардың мүмкіндіктерімен танысуға шақырды. Облыс әкімінің қабылдауына үшінші болып Анатолий Давидкевич келді. Оның мәселесі денсаулық сақтау саласына қатысты.


АНАТОЛИЙ ДАВИДКЕВИЧ, Петропавл тұрғыны:

-  Менің жұбайымның мүгедек атанғанына 8 жылдан асты. Жақында ол белгісіз себептермен мүгедектер қатарынан шығарылды. Мәселені шешу үшін жауапты мекемеге бардым. Әзірге, проблема біржақты етілмеді. Сонымен қатар, емханадағы мамандар әйелімді қабылдап, көмек көрсеткісі келмейді.


Мүгедектік қалыпқа келтірілсін және емханаларда түсініспеушілік болмасын. Облыс әкімі жауапты тұлғаларға осындай тапсырма берді. Ал

Айғаным Аппасова бастаған болашақ дәрігерлер биыл жергілікті оқу орнын тәмамдады. Жастар әрі қарай 2 жылдық интернатураға түспекші. Бірақ, мұнда қалталарынан ақша шығаруға тура келеді. Бұған 5 жыл бойы тегін білім алған қыз-жігіттер наразы. Аймақ басшысы денсаулық сақтау басқармасы басшылығына мәселемен жақынырақ танысып, шешуді жүктеді.