Өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысының Еңбек ұтқырлығы орталығының көмегімен он мыңнан астам адам жұмысқа орналасты. Аймақта халықты жұмыспен қамтуға бағытталған белсенді шаралар жалғасып жатыр. Тұрғындарға жұмысқа орналасуға, қайта даярлаудан өтуге көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, орталықтың басты бағыттарының бірі – еңбек күші шамадан тыс аймақтардан азаматтарды ерікті түрде қоныс аударуға және қандастарға қолдау көрсету болып табылады.
Солтүстік Қазақстан облысының Еңбек ұтқырлығы орталығы 2023 жылы халықты жұмыспен қамту үшін құрылған. Бүгінгі таңда Enbek.kz сайтында жұмыс берушілер 2 197 бос жұмыс орнына 1 307 хабарландыру жариялаған. Былтыр 10 607 адам жұмысқа орналасты. Орталықтың басты мақсаты – адамдардың жұмысқа жылдам орналасуын жеңілдету.
НҰРЛАН БИБУЛАЕВ, СҚО ЕҢБЕК ҰТҚЫРЛЫҒЫ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Солтүстік аймақтарға көшкенде мемлекет әр отбасы мүшесіне 302 750 теңге мөлшерінде бір реттік төлем береді. Сондай-ақ 12 ай бойы пәтерді жалға алу мен коммуналдық шығындар 15–30 АЕК мөлшерінде өтеледі. Биыл экономикалық мобильдік сертификат 7 миллион теңгеге дейін өсті. Еңбек мобильдігі орталықтары мен филиалдары да ұлттық жобаларды жүзеге асыруда маңызды.
РИНАТ ШАМШУТДИНОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАЛЫҚ МАНСАП ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МАМАНЫ
Биыл өңірде 15 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарланған.