Өңірде еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасына 28 кәсіпорын есепке алынған. Мамандардың айтуынша, жалпы алғанда, өңірдегі әлеуметтік-еңбек қатынастары саласындағы жағдай тұрақты.

Елімізде еңбек қауіпсіздігін арттыру және кәсіпорындардағы ықтимал еңбек тәуекелдерінің алдын алу мақсатында 2024 жылы «Еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасы» ақпараттық жүйесі іске қосылды. Бұл жүйе еңбек қатынастары саласындағы мәселелерді ерте анықтауға және проблемалардың алдын алуға мүмкіндік береді. Еңбек инспекциясы комитетінің облыс бойынша департаментінің мәліметінше, тәуекел картасына еңбек қатынастары саласында тәуекел деңгейі жоғары кәсіпорындар енген. Мәселен, қызметкерлерді сақтандыру шартының болмауы, тіркелген еңбек шарттары мен міндетті зейнетақы жарналары аударымдары арасындағы сәйкессіздік, кадрлар тұрақсыздығы, сондай-ақ әлеуметтік аударымдар бойынша берешектің болуы. Облыс кәсіпорындарындағы тәуекелді жағдайлардың алдын алу мақсатында былтыр үшжақты комиссиялардың 122 отырысы өткізілді. Сондай-ақ, мемлекеттік еңбек инспекторлары былтыр қызметкерлерді еңбек шартын жасаспай жұмысқа тартудың үш фактісін анықтады. Барлық жұмыс берушілерге тиісті нұсқамалар беріліп, олар жалпы сомасы 472 мың теңге айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.