Ақан сері атындағы облыстық филармонияда Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, халық әртісі, Тұңғышбай Жаманқұловтың шығармашылық кеші өтті. Биыл тау тұлғаның театр мен кино саласында өнер көрсетіп жүргеніне 55 жыл толып отыр. Жарты ғасырдан астам уақыт қазақ өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан аңыз адамның бұл кездесуі, қызылжарлық көрермен үшін үлкен рухани сый болды.

Кештің шымылдығын Тұңғышбай Жаманқұлов “Өнер адамы” әнімен ашты. Өнер иесі бұл кеш арқылы өмір жолынан сыр шертіп, сахнада жинаған тәжірибесін көрерменмен бөлісуді мақсат еткен. Ол ән мен әңгіме арқылы шығармашылықтың мәні мен өнердің құдіретін жеткізді.

СНХР: ТҰҢҒЫШБАЙ ЖАМАНҚҰЛОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚ ӘРТІСІ


Кеш барысында ол әділдік, адамгершілік және туған жер тақырыптарын қозғап, әр туындысын өмір жолындағы естеліктермен байланыстырды. Достарына деген сағынышын ән арқылы жеткізіп, көрерменмен шынайы сырласқандай әсер қалдырды.


Ал әрбір орындаудан соң Тұңғышбай Жаманқұлов көрермен тарапынан зор қошеметке бөленді. Халық оған гүл шоқтарын ұсынып, ұзақ қол шапалақтады.

Кеш соңында СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Досбол Әбдірейісов сөз сөйлеп, халық әртісіне шапан жауып, құрмет көрсетті.


Өнер майталманының ән кешінен керемет әсер алған көрермендер Тұңғышбай Жаманқұловқа ізгі тілектерін білдіріп, жылы лебіздерімен бөлісті.


Шығармашылық кеш Тұңғышбай Жаманқұловтың өнер жолындағы маңызды сәттердің бірі ретінде есте қалды. Көрермендер ән мен әңгімеден рухани ләззат алып, халық әртісінің өмірі мен шығармашылығымен жақынырақ танысты. Кеш соңында өнер адамына көрсетілген ыстық ықылас оның кәсібилігі мен көрерменге деген адалдығын тағы бір мәрте дәлелдеді.