СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жылыту маусымы қарсаңында Петропавл ЖЭО-2 болып, кеңес өткізді. Жиында жылу электр орталығының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мәселелері талқыланып, жабдықтардың жағдайы және алдағы қысқа дайындығы тексерілді. Жаңғырту және жөндеу жоспарының орындалуына ерекше назар аударылды.
Жуырда Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескен болатын. Кездесу барысында Президент Петропавлдағы ЖЭО-2 жөндеу жұмыстарын аяқтап, жылу және энергиямен қамтамасыз ету жүйелерін жаңғыртудың маңыздылығына ерекше назар аударды. Бүгінде негізгі нысандарды жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Жобаларды іске асыруға шамамен 27 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаражат қазандық агрегаттары мен турбиналарды күрделі және ағымдағы жөндеуге, сондай-ақ жаңа мұржаның құрылысына бағытталды. Қазіргі таңда мұржа құрылысының 90%-ы аяқталып, оны 30 қыркүйекте пайдалануға беру жоспарлануда. Алдағы жылыту маусымында қалаға жылу бірден үш мұржа арқылы берілмек. Бұл өз кезегінде қысқы уақытта жылумен қамтудың тұрақтылығы мен үздіксіздігін едәуір арттырады.
СНХР: АНАТОЛИЙ КАЗАНОВСКИЙ, «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ БАС ДИРЕКТОРЫ
Петропавл қаласында 1184 көпқабатты үй орталықтандырылған жылу және ыстық сумен қамтамасыз етілген. Қысқа дайындық аясында әрбір үйдің инженерлік жүйелері міндетті түрде тексерілуі тиіс. Бұл – ақауларды дер кезінде анықтап, көпқабатты тұрғын үйлердің қыс мезгілінде тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қажет шара.
СНХР: СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
Қазіргі таңда жылу жүйелерін шаю және қысыммен тексеру жұмыстары күн сайын жүргізілуде. Бұл жұмыстарға басқарушы компаниялар, мүлік иелерінің бірлестігі төрағалары мен пәтер иелері кооперативі жауапты. Алайда қалада 456 көпқабатты үйдің иесі жоқ. Көпшілігі әзірге дайындық жұмыстарынан өтпеген. Бұл – алдағы жылыту маусымында үлкен қиындықтарға әкелуі мүмкін.
СНХР: ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Инвестициялық бағдарлама аясында, жалпы құны 908 миллион теңгеге бағаланған жобамен, қалада 890 метр жылу құбырларын ауыстыру жоспарланған. Қазіргі уақытта оның 370 метрі жаңартылды. Сонымен қатар, 2025 жылы жылу желілерін алдағы жылыту маусымына дайындауға бюджеттен 599 миллион теңге бөлінген.
СНХР: ВИТАЛИЙ ХОЛОША, «ПЕТРОПАВЛ ЖЫЛУ ЖЕЛІЛЕРІ» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ М.А.
Кеңес соңында облыс әкімі қысқы маусымға дайындық бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді. Ол жұмысты кейінге қалдырмай, барлық жауапты тұлғаларға белгіленген шараларды уақытылы орындауды тапсырды.
СНХР: ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
«Скрейк» АҚ – электр желілері нысандарын жылыту маусымына дайындау бойынша іс-шаралардың сапалы және мерзімінде орындалуын қамтамасыз етуі тиіс. «Петропавл жылу желілері» ЖШС – жылыту маусымы басталғанға дейін жылу желілеріндегі жөндеу жұмыстарын толық аяқтауы қажет. Петропавл қаласы әкімдігі – көпқабатты тұрғын үйлер бойынша жылыту маусымына дайындық паспорттарын алу жұмысын қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен қатар, көмір бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу және теміржол тұйығынан тұтынушыға дейін көмір тасымалы құнының өсуін болдырмау шараларын қабылдауы қажет. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы – 2025–2026 жылғы жылыту маусымына дайындық барысына қатысты апта сайын мониторинг жүргізіп отыруы керек.
Қазіргі таңда барлық жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Жоспарланған көлемнің 60 пайыздан астамы орындалған.