Өңірде балалар мен жасөспірімдердің 28 спорт мектебі бар, онда 14,6 мың бала спортпен шұғылданады. Солардың бірі - Айыртау ауданының Саумалкөл ауылында орналасқан. Балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі жыл басында пайдалануға берілді. Нысан заманауи жарақтандырылған.

Дене шынықтырумен ұдайы айналысу бұл – мықты денсаулық, берік иммунитет, көтеріңкі көңіл-күй, өз-өзіңізді дамытуға септігін тигізеді. Саумалкөл ауылындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі бүгінгі таңда жастарға үлкен мүмкіндік сыйлап отыр. Мектеп басшысының айтуынша, мекеменің басты мақсаты — балалар мен жасөспірімдерді белсенді өмір салтына тарту. Мұнда футбол, волейбол, жеңіл атлетика және басқа да спорт түрлерінен секциялар ашылған.

ЕРБОЛАТ ЖҮЗЕНОВ, АЙЫРТАУ АУДАНЫНЫҢ БЖСМ БАСШЫСЫ:

- Биыл 2024 жылы қаңтар айында осы спорт кешені бізге берілді. Балалар жасөспірімдер мектебінің балансына берілді. Балаларға возможность беріліп айналысатындай. Спорт кешеніміз өзі жылы, барлық жағдайлар жасалған балалар үшін.

Футбол — балалар арасында ең танымал спорт түрлерінің бірі. Тәжірибелі жаттықтырушылардың жетекшілігімен жас спортшылар аудандық және облыстық жарыстарға дайындалады. Кешен ашылғалы балалардың спортқа қызығушылығы мен белсенділігі артты. 20 жылдан бері спорт саласында еңбек етіп келе жатқан жаттықтырушы Әсет Шаймерденовтың айтуынша, футбол балалардың тәртібін, жауапкершілігін және командалық рухын дамытуға көмектеседі.

ӘСЕТ ШАЙМЕРДЕНОВ, ЖАТТЫҚТЫРУШЫ:

- Осы орталық ашылғалы жағдайымыз жақсарды. Бұған дейін жаттығу залдары тар, ыңғайсыз болғандықтан, футбол сияқты спорт түрімен айналысу қиындық туғызатын. Жаңа нысан ашылғаннан кейін балалардың спортқа деген қызығушылығы мен келушілердің саны күннен-күнге артып келеді. Біздің басты міндетіміз – тек спорттық қабілеттерді дамыту ғана емес, сонымен қатар балаларға тәртіп, командалық рух пен жеңіске деген ұмтылысты тәрбиелеу.

Сонымен қатар, бұл кешенде 6 жастан 17 жасқа дейінгі балалар спорттың түрлі бағыттарымен тегін айналыса алады.