Петропавлда тасқынынан зардап шеккендерге салынып жатқан үйлердің құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Солнечный-2 ықшам ауданындағы құрылыс-монтаж жұмыстарына 23 компания тартылған. Олардың екеуі Теміртау және Астана қалаларының мамандары. Бүгінде ықшам аудандағы алғашқы 100 үйдің құрылысы 80 пайызға аяқталды.


Құрылыс алаңында мыңға жуық адам еңбек етіп жатыр. 50 техника жұмылдырылған. ҚұрылысҚа тартылған 20-дан астам компанияның ішінде жергілікті «Құрылыс-Сервис-СК» ЖШС-гі де бар. Кәсіпорын 10 тұрғын үйдің құрылысына жауапты. Жұмысқа 70-ке жуық адам және 5 техника тартылған.


МАЙДАН ҚОЖЫКЕЕВ, «ҚҰРЫЛЫС-СЕРВИС-СК» ЖШС ПРОРАБЫ:

- Енді тек ішкі әрлеу жұмыстары мен ғимараттың төбесін жабу ғана қалды. Сонымен қатар инженерлік желілерді тартуды да аяқтау керек. Сыртта атқарылатын барлық істерді екі күннің ішінде бітірмекпіз. Қазір жұмыс уақыты таңғы 8-ден басталып жатыр. Екінші ауысымдағылар түнгі бірге дейін жұмыс істейді.


Солнечный-2 ықшам ауданында су тасқынынан зардап шеккендер үшін барлығы 500 үй тұрғызылады. 200-і газ блоктарынан салынса, 300-і панельді болмақ.


МАЙГҮЛ ЕЛЕМЕСОВА, СҚО ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

- Ең алғашқы лек, яғни 100 үйдің құрылысы сәуірдің 24-і басталды. Бұл жердегі жұмыстар 80 пайызға аяқталды. Алдымыздағы айдың 5-і 50 үй тапсырылады деп күтілуде. Сонымен қатар мамырдың 8-і тағы 100 үйдің құрылысы басталды. Бұл 200 үйдің құрылысына Қазақстан халқына қорынан 5 млрд-қа жуық қаржы бөлінді.


Тағы қосымша 300 үйдің де құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Оған қажетті қаражатты «Каспий банк» бөледі. Дегенмен ондағы толық сома мөлшері әзірге белгісіз. Қазір бәрі есептеліп, жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатыр.