Петропавлда суретші Вячеслав Смирновтың кезекті сурет көрмесі өтті. Көрермен назарына кескіндеме жанрында салынған пейзаждар мен натюрморттар ұсынылды. Бейнелеу өнері музейіндегі экпозицияда жалпы алғанда суретшінің 54 көркем туындысы қойылған.


 Вячеслав Смирнов Жамбыл ауданы Пресновка елді мекенінде 1949 жылы 24 мамырда дүниеге келген. Вячеслав Борисович белсенді өмір салтын ұстанатын адам. Бейнелеу өнерінен бөлек, жеке кәсіпкерлікпен де айналысады. Бірақ кескіндеме өнерін ол барлығынан жоғары қойады екен.


КИРИЛЛ ФИЛОНОВ, ЖАЗУШЫ:

 - «Смирновтың көптеген туындылары маған өте жақын және де менің шығармашылығыммен тығыз байланысты деуге болады. Маған оның пейзаждары, әсіресе Солтүстік Қазақстанның табиғатына арналып салынған жұмыстары ұнайды. Туындыларынан аққайыңдар мен өзендерді тамашалауға болады.Вячеслав Борисовичтің соңғы жұмыстарының бірі – «Алтын күз» атты туындысы көңілімнен шықты.»


 Облыстық бейнелеу өнері музейіне келушілер суретшінің туындыларынан өңіріміздің керемет табиғатын тамашалай алды. Вячеслав Борисовичтің барлық жұмыстары туған өлкеміздің табиғатына арналған.


ВЕРА ГОНЧАРОВА, ОБЛЫСТЫҚ БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІ МУЗЕЙІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

- «Суретшінің туындылары музейдің 3 залына қойылды. Келушілер оның кескіндеме жұмыстарынан қызықты пейзаждарды сонымен қатар, солтүстіктің сұлу табиғатын тамашалай алды. Вячеслав Борисовичтің барлық дерлік суреті келушілердің көңілінен шықты десек қателеспегеніміз.»


 Жерлес суретші Вячеслав Смирновтың туындыларына арналған көрме бір ай жұмыс істеді. Автор алдағы уақытта да қиялында туған бейнені қағаз бетіне түсіруді жалғастырмақ ниетте.