Өңірде бестемше ұлттық ойыны қайта жаңғыртыла бастады. Бұл игі істі алғашқылардың бірі болып «Айгөлек» балабақшасы қолға алған. Бүгінде балабақша тәрбиеленушілері осы ойын түрінен жетістікке де жеткен. Әріптесімнің сюжетіне зер салайық.


Бестемше қазақ халқының байырғы заманнан келе жатқан ұлттық ойындарының бірі. Соңғы жылдары ұмыт болған бұл ойынды өңірімізде шаһардағы «Айгөлек» балабақшасы қайта жаңғыртып жатыр. Тәрбиешілердің айтуынша, бестемше балаларды санауға үйретіп, логикалық ойлау қабілетін дамытады екен.


ҒАЛИЯ СӘРСЕКЕЕВА «АЙГӨЛЕК» БАЛАБАҚШАСЫНЫҢ ӘДІСКЕРІ:

- «Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап бестемше ойынын енгіздік. Жалпы бұл ұлттық ойын 2020 жылдың басынан бастап қайта жаңғыра бастады. Бестемшені көпшілікке тоғызқұмалақ федерациясының аға төрайымы Мақсат Есенбекұлы ұсынған болатын».


 Бестемше ойынын балабақша тәрбиеленушілеріне үйрету үшін әдіскер мамандар арнайы 72 -сағаттық шеберлік семинарына қатысқан. Әрине, бұл өз жемісін берді, себебі балақайлар арасында бұл ойын түрінен жетістікке жетіп үлгергендер де бар. Солардың бірі - Арнұр Сәкен.


 АРНҰР СӘКЕН «АЙГӨЛЕК» БАЛАБАҚШАСЫНЫҢ ТӘРБИЕЛЕНУШІСІ:

- «Мен бұл медальды Астанада өткен сайыста жеңген болатынмын. Бестемше ойыны арқылы мен санауды үйрендім.»


 «Айгөлек» балабақшасының басты мақсаты – бестемше ұлттық ойынын солтүстікке кеңінен таныстырып, насихаттау.