3 наурыздан бастап полиция және уәкілетті органдар «Мал ұрлығы» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде. Ұрланған малды өткізу мүмкіндігін болдырмау – мал ұрлығына тосқауыл қоюдың тиімді жолы. 

Алғашқы күні полицейлер ветеринариялық бақылау мамандарымен бірлесіп 127 автокөлікті, мал және ет өнімдерін өткізетін 34 орынды, 87 шаруа қожалығын, жайылымдық жерлер мен фермаларды тексерді. Ветеринария саласында 6 құқық бұзушылық анықталды. Сонымен қатар 26 мал иесі қараусыз жүрген мал үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полицейлер малды қараусыз жаю қаскөйлер үшін қолайлы жағдай туғызатындығын ескертеді.

Нариман Халимулин – Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті облыстық аумақтық инспекциясының бөлім бастығының міндетін атқарушы

СҚО ПД патрульдік полиция батальонының инспекторлары мал ұрлығының жолын кесуге бағытталған жеке жоспар бойынша жұмыс істеуде. Аудандардан ет өнімдері қала базарларына негізінен түнгі және таңғы уақытта жеткізілетіндіктен, патрульдік қызметкерлер негізгі автожолдарда бақылауды күшейтті. Тексерулер криминалдық полицияның жедел уәкілдері және ветеринариялық бақылау мамандарымен бірлесіп жүргізілуде.

«Мал ұрлығы» іс-шарасы жалғасуда. Оның мақсаты – мал иелерін ұрлықтан, ал тұтынушыларды сапасына ешкім кепілдік бермейтін заңсыз өнімнен қорғау.